- Басты бет
- Жаңалықтар
- Алматы қаласында «Цифрлық сервистер мен туристерді есепке алу жүйесін жетілдіру» конференциясында туризмді цифрландыру мәселелері талқыланды
Алматы қаласында «Цифрлық сервистер мен туристерді есепке алу жүйесін жетілдіру» конференциясында туризмді цифрландыру мәселелері талқыланды

22–23 тамызда Алматыда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Цифрлық сервистер мен туристерді есепке алу жүйесін жетілдіру» тақырыбында жұмыс сессиясы өтті. Талқылауға ҚР МТиС вице-министрі, мемлекеттік органдардың өкілдері, туризм бизнесінің қатысушылары, цифрландыру саласының сарапшылары мен академиялық қауымдастық өкілдері қатысты. Жиында туризмді цифрландырудың экономикалық өсімге ықпалы (ТДМ 8), инновациялар мен заманауи инфрақұрылымдық шешімдерді енгізу (ТДМ 9), тұрақты қалалар мен өңірлерді дамыту (ТДМ 11), сондай-ақ мемлекет, бизнес және университеттер арасындағы әріптестікті нығайту (ТДМ 17) мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылаулар ұлттық туристік цифрлық платформаларды дамыту, оларды көші-қон және фискалдық жүйелермен ықпалдастыру, сондай-ақ бизнесті бірлескен жобаларға тарту мүмкіндіктеріне арналды. Қазақстанның туристік цифрлық экожүйесінің негізгі элементі ретінде қарастырылатын Kazakhstan.travel порталының даму перспективалары жеке қарастырылып, оны жетілдіру және басқа ресурстармен ықпалдастыру бағыттары айқындалды.
Сессия барысында өзекті жобалар мен бастамалар таныстырылды. Соның ішінде 3D-турлар, интерактивті карталар мен QR-кодтарды қамтитын TourismKaz мобильді қосымшасы назарға ұсынылды. Жобаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Актымбаева Алия Сагындыковна таныстырды. Бұл бастама университет ғылымының туризм саласына арналған цифрлық шешімдерді дамытудағы үлгісін көрсетті.
Сессия аясында екі сараптамалық отырыс өткізілді:
1.Туристерді есепке алудың цифрлық құралдарын дамыту;
2. Kazakhstan.travel порталын туристік цифрлық экожүйенің өзегі ретінде дамыту.
Жиын соңында туристерді есепке алу жүйесін жетілдіру және саланың қазіргі заманғы талаптарына жауап беретін цифрлық сервистерді дамыту бойынша іс-қимыл жоспарының негізіне айналуы мүмкін ұсыныстар келісілді.