«Тіл – халық қазынасы, бірлік пен болашақтың кепілі»Farabi University

«Тіл – халық қазынасы, бірлік пен болашақтың кепілі»

5 қыркүйек, 2025

2025 жылдың 5 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдер күніне орай Филология факультетінің Ә. Қайдар атындағы 3-2 аудиториясында «6В01704» – Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының 2 курс студенттерімен «Тіл – халық қазынасы, бірлік пен болашақтың кепілі» атты ашық дәріс өткізілді. Бұл мерекенің басты мақсаты – қазақ тілін және елімізде тұратын басқа да этностардың тілдерін құрметтеу, сақтау және дамыту болып табылады. Тіл – халықтың тарихы, мәдениеті мен рухани болмысының айнасы екенін дәріс барысында ерекше атап өттік.

Дәрістің бірінші бөлімінде тілдің қоғамдық рөлі жайлы сөз қозғалды. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың жаны, рухани байлығы. Қазақ халқы «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың жастарға маңызын түсіндіріп, олардың сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыру көзделді.

Екінші бөлімде Қазақстандағы тіл саясаты қарастырылды. Бүгінде елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен қатар, орыс тілі ресми түрде қолданылады. Қазақстанда 100-ден аса этностардың тілі мен мәдениеті бар, олардың барлығы заңмен қорғалады. Бұл – еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың басты кепілі.

Үшінші бөлімде тілдің болашақ ұрпаққа әсері талқыланды. Ана тілін білу – ұлттық болмысты сақтаудың негізгі жолы екендігі айтылды. Сонымен қатар, заманауи қоғамда бірнеше тіл білудің қажеттілігі түсіндірілді. Осы орайда елімізде жүргізіліп отырған үштілділік саясатының артықшылықтары мысалдар арқылы ашып көрсетілді: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық ғылым мен технология тілі. Қорытынды бөлімде тілдің халық үшін мәңгілік мұра екендігі айтылды. Тілдерді құрметтеу – ел бірлігінің кепілі, сондықтан әр азамат өзінің ана тілін білуі әрі өзге тілдерге де құрметпен қарауы тиіс екені ерекше атап өтілді. Бұл дәріс студенттердің тілге деген құрметін арттырып, олардың көптілді ортада өзін еркін сезінуіне ықпал етті. Сонымен қатар, жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болды.

 

Ұйымдастырған: «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, магистр, Уәлиханова Гүлнұр Өркенқызы.