Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Шимшиков Батыргелді Ерденович атындағы оқу-зертханасы ашылдыFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Шимшиков Батыргелді Ерденович атындағы оқу-зертханасы ашылды

4 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасында биология ғылымдарының кандидаты, доцент Шимшиков Батыргелді Ерденовичтің есімі оқу-зертханасына берілді.

Батыргелді Ерденович – еліміздің топырақтану және экология ғылымына айрықша үлес қосқан ғалым. Ол Еділ–Жайық аралығының топырақтарын зерттеуден бастап, Каспий өңірі мен Батыс Қазақстандағы өнеркәсіптік ластануларға дейін ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Ғалымның еңбектері топырақ құнарлылығын арттыру, экожүйелерді қорғау және табиғатты тұрақты пайдалану ісінде үлкен маңызға ие.

Жаңа оқу-зертхана топырақтану және экология бағыттарына арналмақ. Мұнда студенттер мен жас зерттеушілер топырақ құнарлылығын сақтау, экожүйелерді қорғау және ластанулардың салдарын бағалау бойынша тәжірибелік зерттеулер жүргізеді. Сонымен бірге зертхана жұмысы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен – жер ресурстарын тиімді пайдалану, климаттық өзгерістерге бейімделу, биоәртүрлілікті сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ – сапалы, әділетті және инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету және баршаға өмір бойы оқу мүмкіндіктерін ілгерілету бағыттарымен тығыз байланысты.

Зертханаға есімінің берілуі – ғалымның ғылымдағы еңбегіне және жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесіне деген құрмет.