Түркістан қаласында өткен география пәні мұғалімдерінің семинарыFarabi University

Түркістан қаласында өткен география пәні мұғалімдерінің семинары

9 қыркүйек, 2025

Жаңа оқу жылы  бастала салысымен Түркістан қалалық  Білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бахытжан  Нұрмағанбетұлының  ұйымдастыруымен Түркістан қалалық оқу  бөліміне  қарасты жалпы орта білім  беретін мектептердің география  пәні мұғалімдерінің  қалалық семинары  болып өтті. 

Түркістан қалалық география  пәні мұғалімдерінің семинарына арнайы Алматыдан келген  педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География, жерге орналастыру және кадастр  кафедрасының профессоры, географиядан  Республикалық атаулы мектептің жетекшісі,  «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Ресей Жаратылыстану академиясының  академигі. Республикалық «Географиядан Республикалық атаулы мектеп Хабаршысы», «Түркі тілдес елдер» атты  республикалық  ғылыми-әдістемелік журналдарының Бас редакторы, Бұхара мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры Ұлжалғас Әмзеқызы  Есназарова қатысты.

Семинарда Ұ.Ә.Есназарованың 2025 жылы жаңадан баспадан жарық көріп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жалпы орта білім беретін мектептерде  пайдалануға  ұсынылған «Түркістан  облысының  географиясы» өлкетану курсы  оқытудың  оқу-әдістемелік  ерекшеліктерімен таныстыруға арналғанын  атап өтті.  Семинарды Түркістан қалалық оқу бөлімінің әдіскері Даулекова Айна Қаратаевна  жүргізіп отырды.

Семинар Түркістан қаласының №28 мектеп-лицейі базасында өтті. Мектеп директоры Нысанқұлова Ләззат Жаналиевна бастаған ұстаздар қауымы қонақтарды қарсы алды. Ләззат Жаналиевна өзі басқарып отырған  оқу орнында биылғы жылдан бастап, Түркістан  облысының  географиясы мен Түркі тілдес елдер географиясы таңдау курсын  оқытатынына тоқталды.. Түркі тілдес елдер географиясы оқулығының авторы (оқулық қазақ тілінде  жазылып, орыс, қырғыз, өзбек, түрік тілдеріне аударылған)  Есназарова Ұлжалғас Әмзеқызының  құрметіне арнайы «Түркі тілдес елдер географиясы» кабинеті жасақталып ашылғаны туралы  хабарлама  жасады. Осы екі оқулықтың авторы ретінде профессор Ұ.Ә. Есназарова Қазақстан Республикасы үшін Түркістан облысының  алатын орны мен  қасиетті Ясауи кесенесінің тарихи маңызына  жан-жақты толық мәлімет  беріп, өлкетану курсын оқытудың  ұлтжанды азамат тәрбиелеудегі  алатын орнына    тоқталды. Семинар барысында  келген мұғалімдер өз  ойларын ашық айтып,  пікір алысты. Соңында   естелік суретке түсті.