«Тіл – ұлт бірлігі»Farabi University

«Тіл – ұлт бірлігі»

12 қыркүйек, 2025

И. Крылов атындағы қалалық жасөспірімдер мен балалар кітапханасының «Шаңырақ» залында Қазақстан халқы тілдері күніне орай 4-ТДМ «Ауқымды және әділетті сапалы білім беруді қамтамасыз ету және барлығы үшін бүкіл өмір бойы оқу мүмкіндігін көтермелеу» аясында «Тіл – ұлт бірлігі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Бұл іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, жастардың  мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру, ұлтжандылық сезімін оятуды мақсат етті.

Дөңгелек үстелге ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, Түркі халықтары мәдени қорының президенті Ахмет Дағдұран, ұстаз, ғалым, әнші Семих Ипек, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің 1-курс студенттері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. 

Дөңгелек үстелді жүргізуші А. Төребекова қатысушыларға жиынның мақсаты мен келген қонақтарды таныстырып өтті. Белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман мемлекеттік тілдің мәртебесі, бүгіні мен ертеңі, қазақ тілінің байлығы мен қоғамның барлық саласында қолданылу деңгейі жайлы сөз қозғады. Түркі халықтары мәдени қорының президенті Ахмет Дағдұран өз сөзінде әлемдегі түркі халықтарының арасында қазақ жерінің – атажұрттың орны мен қазақ тілінің маңызына тоқталды. Б.Ә. Қалымбет мемлекеттік тілді құрметтеуге, сақтауға әр азамат үлес қосуы қажеттігін тілге тиек етті. Ұстаз, ғалым, әнші Семих Ипек қазақ тілінде ән орындап, қатысушылар сүйіспеншілігіне бөленді.

Дөңгелек үстелде әсіресе жастар жағы мемлекеттік тілге қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдер бойынша сайысқа қызу атсалысты. Қатысушы студент жастар өздерін тіл саласы барысында толғандырған  мәселелер бойынша сұрақтар қойып, жауап алды. Қазіргі уақытта да өте өзекті мәселелерді қозғаған дөңгелек үстел университет табалдырығын жаңа аттаған студенттерге ерекше әсер етті.

Іс-шара соңында кітапхана жетекшісі Қаракөз Исаханқызы сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдіріп, сый-сияпаттар табыстады, студент жастарға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Кеш соңы Шона Смаханұлының сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлиевтің «Анамның тілі» әнін қатысушылардың орындауымен  аяқталды.