ҚазҰУ-да Huawei ICT Competition 2025–2026 роуд-шоуы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да Huawei ICT Competition 2025–2026 роуд-шоуы өтті

10 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 9 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық Huawei ICT Competition 2025–2026 байқауының дәстүрлі роуд-шоуы ұйымдастырылды. Іс-шара механика-математика факультетінің Қызыл залында өтіп, студенттер мен оқытушыларды біріктірді.

Кездесу барысында Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы мен ҚазҰУ жанындағы Huawei академиясының өкілдері байқаудың негізгі бағыттары, қатысу ережелері және жас мамандарға ашылатын кәсіби мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Қатысушыларға жарыстың басты салалары таныстырылды: желілік технологиялар, бұлтты сервистер мен есептеу жүйелері, бағдарламалау және инновациялар.

Huawei ICT Competition — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ең ірі халықаралық білім беру бастамаларының бірі. Жыл сайын байқауға әлемнің 100-ден астам елінен 960 мыңнан астам студент қатысады. Қазақстандық командалар да үздік нәтижелер көрсетіп, әлемдік финалға шығып, жүлделі орындар иеленіп жүр.

Студенттер үшін бұл байқау заманауи цифрлық білімге қол жеткізуге, халықаралық Huawei сертификаттарына ие болуға және табысты ІТ-мансап құруға жол ашады. Ал оқытушылар үшін шара тәжірибе алмасу мен жаһандық цифрлық экожүйенің даму үрдістерімен танысуға мүмкіндік берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен Huawei ICT Competition 2025–2026 роуд-шоуы бірнеше БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үйлеседі: ТДМ 4: Сапалы білім беру – байқау студенттерге жаңа цифрлық білім алуға, кәсіби дағдыларын дамытуға және халықаралық сертификаттарға қол жеткізуге жол ашады. ТДМ 8: Лайықты жұмыс және экономикалық өсу – ІТ саласындағы жастардың біліктілігін арттыру – олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болып, табысты мансап құруына ықпал етеді. ТДМ 9: Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым – жарыс барысында желілік технологиялар, бұлтты сервистер, бағдарламалау және инновациялар сияқты бағыттарға ерекше назар аударылды, бұл заманауи инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.

Дулатова Нұриля Жүнісбекқызы

Механика-математика факультетінің деканат маманы