ҚазҰУ-де Францияда білім алу мүмкіндіктері таныстырылдыFarabi University

ҚазҰУ-де Францияда білім алу мүмкіндіктері таныстырылды

15 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 10 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде студенттер мен оқытушыларға арналған «Францияда оқу мүмкіндіктері» атты ақпараттық іс-шара өтті. Шараны Espace Campus France Almaty өкілдерімен бірлесе ұйымдастырған ҚазҰУ жанындағы Француз орталығының үйлестірушісі әрі Гео-энергетика орталығының директоры Аньес Буссе арнайы презентация жүргізді.

Іс-шара барысында қатысушылар Франция университеттерінің бакалавриат пен магистратура деңгейіндегі оқу бағдарламаларымен танысып, тілдік талаптар, қосдипломды білім алу мүмкіндіктері және шетелде оқитын студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат алды. Осы тұста ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде іске асырылып жатқан қосдипломдық бағдарламаларға да назар аударылды. Атап айтқанда, магистранттарға арналған «Математика» бағдарламасы және механика кафедрасында жүзеге асырылатын «Механика және энергетика» бағдарламасы бар. Бұл бағыттар студенттердің заманауи ғылыми білімді терең меңгеріп, кәсіби дағдыларын дамытуына жол ашады.

Campus France – Францияда жоғары білімді ілгерілететін ресми мемлекеттік агенттік. Қазіргі таңда ол әлемнің 130 елінде өкілдік етеді. Қазақстанда орталықтары Алматы мен Астанада орналасқан. Espace Campus France Almaty студенттерге француз жоғары оқу орындарына түсу, құжаттарды рәсімдеу, виза алу тәртібі және академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша тегін кеңес береді.

Бұл бастамалар Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді: ТДМ 4 – Сапалы білім беру: студенттердің халықаралық деңгейде сапалы білім алуына және кәсіби дамуына жағдай жасайды. ТДМ 8 – Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді. ТДМ 17 – Мақсаттарға қол жеткізу жолындағы серіктестік: Қазақстан мен Франция арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

Мұндай шаралар жастардың халықаралық білім кеңістігіне енуіне, кәсіби көкжиегін кеңейтуіне және әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарын құрметтеуге ықпал етеді.

Дулатова Нұриля Жүнісбекқызы

Механика-математика факультетінің деканат маман