Университет өміріне қадам: студенттік этикаға алғашқы сабақ

2025 жылдың 16 қыркүйегінде 6В01704 – Шет тілі: екі шет тілі мамандығының 1-курс студенттері үшін «Университет өміріне бейімделу және студенттік этика» тақырыбында кураторлық сағат ұйымдастырылды. Шараны филология ғылымдарының кандидаты, “Түркітану және тіл теориясы” кафедрасының аға оқытушысы Медетбекова П.Т. жүргізді.
Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – жаңа ортаға енген студенттерді университеттің құрылымымен, тәртіп ережелерімен және оқу үрдісінің ерекшеліктерімен таныстырып, олардың бейімделуіне қолдау көрсету болды. Сонымен қатар студенттік этика мен мәдениетті қалыптастыру, жауапкершілік пен өзара құрметті дамыту мәселелері талқыланды.
Жиын барысында университет тарихы мен дәстүрлері жайлы қызықты мәліметтер ұсынылып, академиялық адалдықтың маңызы кеңінен түсіндірілді. Плагиат пен көшірудің зияны, әділ емтихан тапсырудың қажеттілігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ студенттердің құқықтары мен міндеттері нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, уақытты тиімді басқару және өзіндік оқу дағдыларын қалыптастыру жолдары қарастырылды.
Қауымдастықтағы қарым-қатынас мәдениеті мен психологиялық тұрақтылықты сақтау тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ. Шара барысында студенттер «Менің студенттік мақсаттарым» атты топтық жаттығуға қатысып, өз ойларын ортаға салып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Кураторлық сағат студенттер үшін пайдалы әрі әсерлі өтті. Шараға қатысқан жастар белсенділік танытып, жаңа ортаға бейімделудің алғашқы қадамдарын жасап, университет өмірінің талаптары мен құндылықтарын тереңірек түсіне түсті.
Ұйымдастырған: филология ғылымдарының кандидаты, “Түркітану және тіл теориясы” кафедрасының аға оқытушысы Медетбекова П.Т. және «6В01704 – Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1-курс студенттері.