ҚазҰУ студенті – Adventure of Science жобасының қатысушысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Гидрология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Диляра Мақанова халықаралық Adventure of Science: Women and Glaciers 2025 ғылыми экспедициясына қатысып қайтты. Экспедиция 20-31 тамыз аралығында Қырғыз Республикасында өтті.
Бес елден қатысқан 500-ден астам үміткердің ішінен тек үздіктері іріктеліп алынды. Қазақстаннан бұл жобаға небәрі үш студент қатысып, олардың қатарында Диляра да болды.
Экспедицияға Орталық Азия елдерінен 18 бен 25 жас аралығындағы қыздар қатысты. Ұйымдастырушылар құрамында Швейцариядан келген ғалым-глациолог, Тәжікстаннан тауда жол көрсетуші гидтер, Қазақстаннан сала маманы және Орталық Азия өңірлік экологиялық зерттеулер институтының (ЦАИИЗ) өкілі болды.
Экспедицияның алғашқы күндері қатысушылар Ала-Арча ұлттық паркінде (теңіз деңгейінен 1600-2200 метр биіктікте) шатыр тігу, алғашқы жорықтар жасау, сондай-ақ экология, глациология, альпинизм және гидрология тақырыптары бойынша дәрістерге қатысты.
Негізгі лагерь 3250 метр биіктікте, Голубин мұздығына жақын маңдағы метеостанция жанында орналасты. Қатысушылар мұздық моренасын зерттеп, тарихи «Айзен-хижинаға» барып, мұздықтың тіліне дейін жетті. Экспедиция барысында бағындырылған ең жоғары биіктік 3800 метр болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

