ТДМ №4, 16: Қаржылық мәдениет – тұрақты дамудың негізі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң, Экономика және бизнес жоғары мектебінде студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесу өтті. Шараға «Отбасы банк» АҚ мамандары қатысып, жастарға қаржы әлеміндегі маңызды түсініктер мен дағдылар жөнінде кеңес берді.
Банк өкілдері студенттерге жеке қаржыны тиімді басқарудың жолдарын, табысты жоспарлау мен жинақ мәдениетінің маңызын, сондай-ақ инвестиция жасау мүмкіндіктері мен мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндірді. Сонымен бірге, банктік қызметтерді қауіпсіз пайдалануға қатысты пайдалы кеңестер берілді.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Мамандар жастардың дұрыс қаржылық шешім қабылдау қабілеті олардың болашағына тікелей әсер ететінін атап өтіп, жинақ шоттарын ашу және қаражатты тиімді пайдалану жолдарын іс жүзінде көрсетті.
Оқу орнында өткен бұл шара студенттер арасында үлкен қызығушылық туғызды. Көптеген жастар мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып, өз болашақтарына қатысты жаңа идеялар мен түсініктер алды.
Қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай кездесулер жастарға ерте жастан жауапты шешім қабылдауды үйретіп қана қоймай, олардың кәсіби және жеке дамуына да ықпал ететіні сөзсіз.