ТДМ №16: Қаржылық сауат – жастардың өмірлік капиталы!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті мен Биология және биотехнология факультетінде студенттерге қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық іс-шара ұйымдастырылды. Кездесуге еліміздің жетекші қаржы институттарының бірі – «Отбасы банк» АҚ мамандары арнайы келіп, жастарға қаржы әлеміне қатысты маңызды түсініктер мен пайдалы кеңестер ұсынды.
Банк өкілдері студенттерге жеке бюджетті тиімді жоспарлау, жинақ мәдениетін қалыптастыру, инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың артықшылықтары туралы кең көлемді мәлімет берді. Сонымен бірге, мамандар банктік қызметтерді қауіпсіз қолданудың жолдарын түсіндіріп, студенттердің көкейіндегі сұрақтарға нақты әрі толыққанды жауап берді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер өздерін толғандырған қаржылық мәселелер бойынша кеңес алып қана қоймай, практикалық тұрғыдан жинақ шотын ашу тәртібі мен қаражатты тиімді бағыттаудың маңызын меңгерді.
Аталған факультеттерде өткен ақпараттық шара жастар тарапынан зор қызығушылық тудырды. Көптеген студенттер мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып, өз болашақтарына қатысты жаңа идеялар қалыптастырып, қаржыны басқарудың тиімді жолдарын үйренді.
Қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай кездесулер студенттерге ерте жастан дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың кәсіби дамуына және жеке өмірде табысты болуына айрықша ықпал ететіні сөзсіз.