ТДМ №3: Есірткіге жол жоқ: университетте ақпараттық дәріс өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қалалық Полиция департаментінің қызметкері студенттерге арнап есірткіге қарсы күрес тақырыбында ақпараттық-түсіндіру дәрісін өткізді.
Дәріс барысында полиция қызметкері есірткінің адам өміріне тигізетін зияны, оның жастар арасында белең алып, қоғамның өзекті мәселесіне айналғаны туралы кеңінен әңгімеледі. Есірткінің адам ағзасын тез әлсірететіні, жүйке жүйесін бұзатыны, ойлау қабілетін төмендететіні және өмір жасын қысқартатыны нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар, мұндай зиянды әдеттің жеке адамның тағдырын ғана емес, оның отбасы мен жақындарына да ауыр зардап әкелетіні атап өтілді.
Кездесу барысында студенттер есірткіге қатысты құқықтық жауапкершілік жайында да жан-жақты мәлімет алды. Полиция қызметкері Қазақстан заңнамасында бұл мәселе қатаң қадағаланып, заң бұзғандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын түсіндірді.
Студенттер дәріс барысында көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды. Жастар мұндай кездесулердің өздеріне үлкен ой салып, өмірлік дұрыс таңдау жасауға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара университеттің тәрбие жұмысы аясында ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттауға, студенттердің зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауына бағытталды
.