ТДМ №3, 10: ҚазҰУ студенттері қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Көмек» қоғамдық қорының студенттері «Мейірім» күтім үйіне барып, қарттарға арнап мерекелік іс-шара өткізді. Бұл игі шараның негізгі мақсаты – қарт адамдарға рухани қолдау көрсету, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ету және жастардың ізгілікке, мейірімге, адамгершілік құндылықтарға тәрбиеленуін қамтамасыз ету болды.
Іс-шара барысында студенттер мерекелік кеш ұйымдастырып, ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Ардагерлермен еркін пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелесіп, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ қарияларға сый-құрмет көрсетіліп, жүрекжарды тілектер айтылды.
Қарттар жастарға өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, ақ баталарын берді. Ал студенттер үлкендердің әрбір тағылымды әңгімесі мен ақыл-кеңесінің олардың өмір жолында маңызды бағдар болатынын атап өтті.
«Мейірім» күтім үйіне жасалған бұл сапар студенттердің жүрегіне ізгілік ұялатып қана қоймай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің маңызын айқындады. Ұйымдастырушылар мұндай қайырымдылық шаралары жастардың бойында жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын, сондай-ақ қоғамда ұрпақтар сабақтастығын нығайтатынын айтты.
Бұл іс-шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және студенттердің рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына бағытталған тәрбиелік жұмыстарының бір бөлігі.