Сирек кездесетін кітаптармұражайына экскурсияға

Студенттерге сапалы білім беру - болашаққа құйған инвестиция. Олар тек мамандық бойынша білім алып қоймай, жан-жақты дамып отыруы тиіс. Ал ұстаздардың міндеті - осы жолда болашақ мамандарға, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру.
22 қыркүйек - Қазақстан халықтары Тілдері мерекесі. Бұл мереке еліміз үшін, жастарымыз үшін үлкен маңызға ие. Мұндай мереке патриоттық сезімді арттырып, тілге деген ерекше құрметтің қалыптасуын, ана тілімізбен қатар өзге де ұлт өкілдерінің тілін де сыйлауға дәріптейді.
Осы мереке қарсаңында Филология факультетінің “Орыс тілі және әдебиеті” мамандығының студенттері “ Ғылым ордасы” ғимаратындағы “Сирек кездесетін кітаптар” мұражайына экскурсияға барды.
Бұл мұражай бірегей басылымдар үлгісінде кітаптың көне қолжазбалардан қазіргі заманғы баспа өнеріне дейінгі даму жолын көрсетеді. Мұражайда көне “Күлтегін” жазбаларынан бастап, тіліміздің қалыптасу жолындағы А.Байтұрсынов әліпбиіне дейін, бертін келе С.Аманжоловтың “ Қазақ тілінің грамматикасы” , С. Аманжолов., М. Сауранбаевтың Қазақ тілінің грамматикасы, 2-бөлім” сиқты құнды кітаптардың түпнұсқа үлгілері сақталған.
Әр түрлі кезеңдегі қазақ тілінің даму барысында жазылған құнды еңбектерді түпнұсқада көру студенттер үшін қызық болып қана қоймай, үлкен танымдық мәнге ие болды.
Қазақ тіліміздің қалыптасу кезеңін көріп, қазіргі кезеңімен салыстырып, тілге деген құрметтері арта түсті.
Тіліміздің тәуелсіздігі үшін еңбек еткен ғалымдар, ұстаздар мен ақын-жазушыларымыздың көптеген қиындықтардан өтіп, болашақ ұрпаққа қазақ тілін аман жеткізгеніне студенттеріміз ризашылықтарын білдіріп, мақтан етті.
Тіл тәуелсіздігі - ұлт тәуелсіздігі. Сондықтан бұл мұражайға жастарды апару, оларды тарихпен жақынырақ таныстыру алдыңғы буын ұстаздарға міндет болып саналады.