ТДМ №4: Студенттер «Қызыл орамалды Шынарым» қойылымынан өмірлік тағылым алдыFarabi University

ТДМ №4: Студенттер «Қызыл орамалды Шынарым» қойылымынан өмірлік тағылым алды

4 қазан, 2025

Университетіміздің Экономика және Бизнес жоғары мектебі, Механика-математика және Шығыстану факультетінің студенттері ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушы-драматург Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым» атты драмалық қойылымын тамашалады.

Қойылымда өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Қырғыз жеріндегі Тянь-Шань тауларының бөктерінде болған оқиғалар суреттеледі. Драма ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілиястың кездейсоқ таныстығы мен тағдырлы махаббаты туралы баяндайды. Олардың арасындағы сезім шынайылық пен адалдыққа толы болғанымен, өмірлік жолдары бір арнада тоғыспайды. Әсел ата-анасының рұқсатынсыз сүйген жігітіне еріп кетеді, алайда бұл бақыт ұзаққа созылмай, тағдыр оларды екі бөлек жолға салады.

«Қызыл орамалды Шынарым» — адамның ішкі әлемі мен өмірдің өткіншілігін, сәттің қадірін ұғынуға жетелейтін көркем туынды. Қойылым көрермендерді шынайы сезімнің қадірін білуге, қолда бар бақыттың мәнін түсінуге шақырады. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген халық даналығын сахнада көркем жеткізген бұл шығарма студенттерге терең ой салды.

Студенттер қойылымнан ерекше әсер алғандарын айтып, өмірдегі таңдау, жауапкершілік және өзара құрметтің маңызын түсінгендерін жеткізді.

Қойылымды көру студенттер үшін мәдени және тәрбиелік тұрғыдан маңызды тәжірибе болып, олардың жан-жақты дамуына, эстетикалық талғамы мен өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған университет бастамаларының бірі ретінде мәнге ие болды.