ТДМ 17. Тұрақты даму үшін серіктестік ҚазҰУ мен Түркия Бас консулдығы серіктестікте: студенттерге түрік тілінен тегін курстар ашылдыFarabi University

ТДМ 17. Тұрақты даму үшін серіктестік ҚазҰУ мен Түркия Бас консулдығы серіктестікте: студенттерге түрік тілінен тегін курстар ашылды

9 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму үшін серіктестік» атты тұрақты даму мақсаты аясында маңызды жаңа бастама жүзеге асырылды. Университеттің филология факультетінің «Түркітану» кафедрасы мен Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының бірлескен ұйымдастыруымен А1 және А2 деңгейлеріндегі студенттерге арналған тегін оффлайн түрік тілі курстары өз жұмысын бастады.

            Бұл бастама –  білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Тегін тілдік курстардың ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім бөлімінің бастығы Айхан Коркмаз қатысып, студенттерге ізгі тілектерін білдірді.

            Айхан Коркмаз өз сөзінде екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қазақ және түрік халықтарын біріктіретін ортақ мәдени және тарихи құндылықтарға тоқталды. Ол сондай-ақ студенттерді түрік тілін меңгеру арқылы өзара түсіністік пен мәдени алмасуға үлес қосуға шақырды.

            Филология факультетінің «Түркітану» кафедрасының ұйымдастырып отырған бұл тегін курстары студенттерге түрік тілін бастапқы деңгейден меңгеруге, сонымен қатар тіл арқылы түрік мәдениеті мен әдебиетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Курстарды тәжірибелі оқытушылар жүргізіп, оқу барысында заманауи әдістемелер мен интерактивті тәсілдер қолданылмақ.

Бұл бастама тұрақты даму мақсаттарының бірі - сапалы білім беру мен халықаралық серіктестікті нығайту бағытында атқарылып отырған нақты іс-шаралардың бір мысалы болып табылады.