- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Асқар Жұбанов оқулары – 4»: Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі жаңа мүмкіндіктері
«Асқар Жұбанов оқулары – 4»: Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі жаңа мүмкіндіктері
Осы аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бірлескен ұйымдастыруымен «Асқар Жұбанов оқулары – 4» атты тұрақты ғылыми тілтанымдық алаңы өтті. Биылғы отырыс «Қазақ тілінің ұлттық корпусы – үлкен тілдік модельдерді (LLM) оқытудың тілтанымдық базасы» тақырыбына арналды.
Шарада ұлттық корпус, жасанды интеллект, мәшинелік оқыту және қолданбалы лингвистика мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары мен оқытушыларының баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды. Профессор Раушангүл Авакова мен доцент Сәуле Бектемирова мәшинелік аударма сапасын BLEU өлшемі арқылы бағалау тәсілдерін ұсынды. Доцент Аяужан Таусоғарова мәтін атрибуциясы мен тілдік тұлға сәйкестілігіндегі концептуалды компоненттерді талдады. Ал магистрант Гүлзамира Дәулетияр мен студент Айдана Тілеуқабылова жасанды интеллектті тіл оқытуда тиімді пайдаланудың жаңа әдістерін көрсетті.

Баяндамашылар ұлттық корпустарды дамыту, тілдік деректерді аннотациялау, LLM оқыту жүйелерінде қазақ тілін интеграциялау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың еңбегі мен оның қолданбалы лингвистикадағы ғылыми мектебінің бүгінгі жалғастығы ерекше атап өтілді.
Бұл дөңгелек үстел қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды. «Асқар Жұбанов оқулары» алаңы жас ғалымдарға тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды. талқылауға және ұлттық тіл ғылымының инновациялық бағытын айқындауға зор мүмкіндік берді.