Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінде жоғары білім беру қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өттіFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінде жоғары білім беру қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

2 қазан, 2025

 

2025 жылдың 1 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын мен дөңгелек үстел өтті.

Мерекелік шараға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, түлектер және құрметті қонақтар қатысты. Іс-шараның мақсаты – ұстаздардың еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға қосқан зор үлесін атап өту, сондай-ақ академиялық дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Жиынның модераторы – оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Садыханова Д.А. ұстаз мамандығының рухани және мәдени құндылықтарды сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.

Дөңгелек үстелде факультеттің қалыптасу және даму тарихы, Қазақстандағы экономикалық мектептің дамуына қосқан үлесі талқыланды. Әр жылдары қызмет еткен декандар факультеттің даму кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісіп, ғылыми ізденіс пен білім беру үдерісін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, факультеттің көрнекті профессорлары — Жатқанбаев Е.Б., Шеденов Ө.Қ., Төлегенова М.С., Мұхаммедиева Б.М. және Байдәулетов М.Б. өздерінің ғылыми еңбектері мен ұстаздық қызметі арқылы факультеттің және университеттің дамуына зор үлес қосқан тұлғалар ретінде сөз сөйледі.

Фойеде ғалымдардың ғылыми еңбектері мен жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары және жарияланымдар қойылды.

Студенттер ұстаздарына алғыс білдіру мақсатында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, музыкалық және поэтикалық қойылымдар орындады.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ж.Ж. Ермекова өз сөзінде факультет ұжымына кәсіби шеберлігі мен адалдығы үшін алғыс білдірді:

«Экономика және бизнес жоғары мектебі – ғылым мен білімге деген сүйіспеншілікпен біріккен ұжым. Елдің интеллектуалдық болашағын қалыптастырып жүрген ұстаздарымызды мақтан тұтамыз», – деді Ж.Ж. Ермекова.

Іс-шара жылы әрі шабытты атмосферада өтіп, педагог еңбегіне деген құрмет пен университет қауымдастығының бірлігін айшықтады.

 Фотосуреттер мен бейнематериалдар факультеттің ресми сайтында жарияланған.

#ҚазҰУ #ЭжБЖМ #ЖоғарыБілімКүні #FarabiUniversity #Education #EconomicsFaculty #Science #Teaching #Almaty