ТДМ № 4, 10: КазНУ инклюзия бойынша Дүниежүзілік конгресске қатыстыFarabi University

ТДМ № 4, 10: КазНУ инклюзия бойынша Дүниежүзілік конгресске қатысты

17 қазан, 2025

Алматыда Инклюзивті білім берудің Бірінші Дүниежүзілік конгресі (World Inclusion Congress – WIC 2025) өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Білім министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан) және халықаралық инклюзия тәжірибешілері форумы (International Forums of Inclusion Practitioners, Ұлыбритания) ұйымдастырды. Конгресте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығы да қатысты.

Конгресс 40 елден келген 1200-ден астам қатысушыны — үкіметтік құрылымдардың, ғылыми қауымдастықтардың, халықаралық ұйымдардың, педагогтардың, сарапшылардың және инклюзивті білім саласындағы көшбасшылардың басын қосты. Қатысушылар арасында Азия, Африка, Солтүстік Америка, Австралия және Еуропадан делегаттар бар. 100-ден астам халықаралық және отандық сарапшылар пленарлық және панельдік сессияларда спикер ретінде сөз сөйледі.

Конгрестің басты қонақтары — International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) негізін қалаушы Даниэль Собель, инклюзивті білім саласының танымал сарапшысы; Ноттингем университетінің проректоры, инклюзивті білім саласындағы жетекші ғалым Умеш Шарма және әлемге әйгілі сәулетші, Fuji Kindergarten балабақшасының авторы Такахару Тезука.

Конгрестің негізгі тақырыптары — инновациялар, цифрландыру және білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу. Арнайы назар ерекше білім қажет ететін балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті нығайтуға аударылады.

Конгрестің аясында «Innovation Expo» инновациялар көрмесі ашылады, онда цифрлық технологиялар, білім және қолжетімді орта саласындағы отандық және халықаралық компаниялардың шешімдері ұсынылады. Көрмеге Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысты. Көрме конгресстің үш күні бойы Grand Hall қонақ үйінің павильондарында және ашық шатыр астында өтті.