География және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары Жапониядағы Ракуно Гакуэн университетінде ғылыми тағылымдамадан өттіFarabi University

География және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары Жапониядағы Ракуно Гакуэн университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті

27 қазан, 2025

2025 жылғы 15-24 қазан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары Жапонияның Хоккайдо аралындағы Эбецу қаласында орналасқан Ракуно Гакуэн университетінің қоршаған ортаны қашықтықтан зондтау зертханасында ғылыми-академиялық тағылымдамадан өтті.

Бағдарлама барысында Ракуно Гакуэн университетінің зерттеу топтарымен ғылыми мәліметтер базасын дамыту, зертханалар мен обсерваториялардың жұмыс істеу жүйесі, сондай-ақ қоршаған ортаны бақылау мен табиғи қатерлерді бағалау бағытындағы зерттеулер талқыланды.

Сапар аясында университет ғалымдары «AP27511595 Іле Алатауының шығыс бөлігіндегі мұздықтық-мореналық көлдерінің ақтарылу қауіптілігін бақылау мен бағалауға арналған аймақтық геоақпараттық жүйені әзірлеу» және «BR28713751 Іле және Күнгей Алатауы беткейлері өзен алаптарындағы аса қауіпті мореналық көлдер қаупін басқарудың кешенді жүйесін әзірлеу» атты жобаларымен таныстырып, Жапон әріптестерінен оны жетілдіру бойынша, әсіресе Жерді қашықтықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер технологияларын қолдану саласында ұсыныстар мен ғылыми кеңестер алды. Талқылаулар нәтижесінде гидрологиялық қатерлерді зерттеуде ғарыштық мәліметтер мен кеңістіктік талдауды интеграциялаудың жаңа бағыттары анықталды.

Тағылымдама барысында ғарыштық суреттерді өңдеу, далалық зерттеу және табиғи қатерлерді модельдеу әдістері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіліп, мұздықтық-мореналық көлдердің ақтарылу қауіптілігін (GLOF) бағалау мен картографиялау саласында үздік тәжірибелермен алмасу жүзеге асырылды.

Тағылымдама нәтижесінде тараптар қашықтықтан зондтау, климаттық қауіптерді бағалау және табиғатты тұрақты басқару салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.