Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
2025 жылғы 7–8 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің базасында «ESG-қаржылық құралдары Қазақстанның тұрақты дамуы мен жасыл экономикасының драйвері ретінде» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция ҚР ҒЖБМ қолдауымен Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасы ұйымдастырған AP19679105 ғылыми жобасын іске асырудың қорытынды кезеңі аясында өткізілді. Іс-шара факультеттің үш жылдық ғылыми-зерттеу, білім беру және халықаралық қызметінің маңызды нәтижесіне айналып, ESG-қаржыландыру, қаржы секторының цифрландырылуы және тұрақты даму салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін біріктірді.
Құттықтау сөздерінде Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова мен «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі Рысты Сартова факультеттің ESG-қаржы, тұрақты даму және экономиканың цифрлық трансформациясы мәселелері бойынша жетекші академиялық әрі сараптамалық алаң ретінде жүйелі түрде қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Конференцияның модераторы AP19679105 жобасының жетекшісі, PhD, экономика ғылымдарының кандидаты, «Қаржы және есеп» кафедрасының профессор-зерттеушісі Ажар Нұрмағамбетова болды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Польша, Индонезия, Беларусь, Ресей Федерациясы және АҚШ елдерінен ғалымдар, зерттеушілер мен тәжірибелі сарапшылар қатысты. Бұл іс-шараның ғылыми пікірталас деңгейін арттырып, халықаралық өкілділігін қамтамасыз етті. Ричард Пукала, Павел Терелянский, Адам Попек, Айнагүл Адамбекова, Ербол Сигаев, Гайни Муханова, Анар Өмірзақ және басқа да қатысушылардың баяндамалары айрықша ғылыми және практикалық қызығушылық тудырды.
Пленарлық және секциялық отырыстар аясында ESG-қаржылық құралдарын дамытудың негізгі бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда, жасыл облигациялар нарығын қалыптастыру және дамыту, ESG-аудитті және цифрлық аналитикалық шешімдерді енгізу, исламдық қаржыландыру құралдарын (сукук) қолдану, сондай-ақ тұрақты қаржыландыру саласындағы халықаралық академиялық және зерттеушілік ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
2025 жылғы 8 қазанда конференция аясында «Қаржы және есеп» кафедрасы ұйымдастырған жастар секциясы өтті. Секцияның модераторы Алия Нұрғалиева, PhD, экономика ғылымдарының кандидаты, Narxoz университетінің «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының ассоциирленген профессоры болды. Секцияның техникалық және ұйымдастырушылық сүйемелдеуін Карлыгаш Курбанова қамтамасыз етті.
Қазақстан, Ресей және басқа елдерден келген студенттер мен магистранттар ESG-есептілік, жасыл банкинг және тұрақты бизнес пен қаржы секторында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналған ғылыми-зерттеу жобаларын ұсынды.
Конференция қорытындылары және білім алушылардың конкурстық баяндамаларының нәтижелері
Конференцияның қорытындысы және барлық дайындық деңгейлері бойынша баяндамалардың конкурстық іріктеу нәтижесінде жеңімпаздар анықталды:
Жас ғалымдар мен мамандар арасында – 1 орын. Баяндаманың тақырыбы: Интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау – Қазақстанда және шетелде ESG-стандарттарды енгізудің тиімді құралы. Авторлар: – Аружан Әбдібаева, экономика және бизнес магистрі, «Qazpatent» Зияткерлік меншік ұлттық институты РМК Даму және халықаралық әріптестік департаментінің бас маманы, Қазақстан, Астана қ.– Гайни Қазыбаевна Муханова, экономика ғылымдарының кандидаты, ассоциирленген профессор, Astana IT University Цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің High Researcher, Қазақстан, Астана қ.
1 орын (магистратура) Баяндаманың тақырыбы: Қазақстанда ESG және бизнестің әлеуметтік тұрақтылығын дамыту. Автор: Марина Александровна Тодорова, 1-курс магистранты, Алматы технологиялық университеті, Қазақстан, Алматы қ. Ғылыми жетекші: Жанна Анатольевна Макишева, экономика ғылымдарының кандидаты, ассоциирленген профессор м.а., Алматы технологиялық университеті.
1 орын (бакалавриат) Баяндаманың тақырыбы: Жасыл қаржы: Қазақстан мен Қытайдың мүмкіндіктері Автор: Жұмаділ Өркен, 1-курс студенті, Алматы технологиялық университеті, Қазақстан, Алматы қ. Ғылыми жетекші: Назира Ануарбековна Гумар, экономика ғылымдарының кандидаты, ассоциирленген профессор, Алматы технологиялық университеті