- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ұлағатты ұстаз – Жеңіс Өмірбекұлы атындағы физика-математикадан дәстүрлі Аягөз аудандық олимпиадасы» өтті
«Ұлағатты ұстаз – Жеңіс Өмірбекұлы атындағы физика-математикадан дәстүрлі Аягөз аудандық олимпиадасы» өтті
2025 жылдың 13 қазанында Абай облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылындағы О.Меңаяқұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепте физика және математика пәндерінен дәстүрлі «Ұлағатты ұстаз – Жеңіс Өмірбекұлы атындағы аудандық олимпиада» жетінші мәрте өткізілді.
Бұл игі іс-шара – ғылым мен білім саласына зор үлес қосқан, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалым-ұстазы, Мәскеу Энергетика институтының түлегі Жеңіс Өмірбекұлының өнегелі өмірі мен еңбегіне арналған тағылымды бастама.
Ғалым-ұстаздың өмірі мен еңбегіне тағзым
Жеңіс Өмірбекұлы — Шұбартау өңірінің тумасы, О.Меңаяқұлы атындағы мектептің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, өз өмірін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де дәріс беруге арнаған ғалым.
Оның ғылыми мұрасын дәріптеу мақсатында:
2016 жылы ҚазҰУ-нің физика-техникалық факультетінде Ж.Өмірбекұлы атындағы зертханалық кабинет ашылды;
2019 жылы Баршатас ауылындағы О.Меңаяқұлы атындағы мектепте Ж.Өмірбекұлы атындағы математика кабинеті өз жұмысын бастады.
Олимпиаданың мақсаты мен ұйымдастырылуы
Бұл аудандық олимпиада – 2009 жылдан бері ҚазҰУ-де өткізілетін «Ғалым-ұстаз Ж.Өмірбекұлы атындағы республикалық олимпиаданың» құрамдас бөлігі.
Іс-шараны ұйымдастырғандар:
ҚазҰУ ғалымдары – доценттер Рүстем Манатбаев, Мұхтар Исатаев және Жәнібек Байтүленов,
О.Меңаяқұлы атындағы мектеп ұжымы және демеуші Саят Өмірбеков.
2018 жылы ҚазҰУ мен мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, содан бері олимпиада жыл сайын жоғары деңгейде өткізіліп келеді.
Білім мен ғылымды ұштастырған дәстүр
Олимпиаданың салтанатты ашылуында ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері және ғалым-ұстаздар ізгі тілектерін білдіріп, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Биылғы жылы 9–11 сынып оқушылары қатысып, білім бәйгесінде өз мүмкіндіктерін сынады.
Жеңімпаздарға арнайы ҚазҰУ және мектеп атынан дипломдар, ақшалай сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды:
🥇 1-орын – 3 оқушыға 60 000 теңгеден,
🥈 2-орын – 6 оқушыға 30 000 теңгеден,
🥉 3-орын – 9 оқушыға 20 000 теңгеден.
1-орын иегерлерінің ұстаздарына да алғыс хаттар мен 20 000 теңгелік сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымдарынан дәріс алған физика және математика пәні мұғалімдеріне «Біліктілікті жетілдіру сертификаттары» тапсырылды.
Олимпиаданың БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарымен үндестігі
ТДМ 4 – Олимпиада оқушылардың ғылыми-зерттеу және аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытып, білім сапасын арттыруға ықпал етті.
ТДМ 9 – ҚазҰУ ғалымдарының қатысуымен STEM бағытындағы (физика, математика, информатика) инновациялық тәсілдер насихатталды.
ТДМ 17 – Университет пен аймақтық мектептер арасындағы ынтымақтастық нығайып, ғылым мен білімнің өзара байланысы артты.






Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы