Гендерлік теңдік мәселесі талқыланды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің Қаржы, кеден және экологиялық құқық кафедрасының оқытушылары заң клиникасының өкілдерімен бірлесе отырып, «Гендерлік теңдік және әйелдер мен қыздардың құқығын кеңейту» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға қабылдаушы жоғары оқу орнының тарих және құқық факультетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алушы 1-2 курс студенттері мен Құқық кафедрасының оқытушылары – заң ғылымының докторы, профессор Айгүл Бижанова мен PhD докторы Динара Белқожаева қатысты.
БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын Қазақстан аумағында, оның ішінде жастар арасында түсіндіру, кең насихаттау және жүзеге асыру тетіктеріне талдау жасау қажеттіліктеріне сәйкес ұйымдастырылған бұл маңызды дөңгелек үстелдің маңызы ерекше болды. Өйткені гендерлік ұғымына дұрыс талқы жасау, мемлекетіміздің ресми ұстанып отырған гендерлік саясаттың мазмұнын толық ашу, гендерлік пен жыныстық қатынастардың өзара арақатынасын ажырата білу – өзекті мәселе. Ал мұндай басқосу өскелең жас буынның гендерлік сауаттылығын қамтамасыз етуді көздейді. Шара барысында, әсіресе ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен мүмкіндігі туралы арнайы ҚР заңнамасына, сондай-ақ жинақталған заманауи озық халықаралық тәжірибеге баса назар аударылды. Екі сағатқа созылған жиын соңында студенттер қарастырылып отырған мәселеге орай көкейкесті сұрақтарын қойды, оған ҚазҰУ өкілдері тарапынан нақты жауап берілді.
Жайсаңбек АМАНЖОЛОВ,
Қаржы, кеден және экологиялық құқық кафедрасының доценті,
заң ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар