ҚазҰУ-дың Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының ұйымдастыруымен студенттік бизнес-инкубатор аясында өткен «Үздік инновациялық жоба» байқауында тарих факультетінің жобасы жүлделі орынға ие болды.
Байқауға Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Жұлдыз Маратқызы жетекшілік еткен команда «Виртуалды палеолит» атты стартап жобасымен қатысып, үшінші орынды жеңіп алды. Жобада 1-курс студенттері Данияр Аронов, Арман Төлеген, Болат Сейдуллаұлы белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсетті.
Гуманитарлық бағыттағы жоба үшін IT технологияларын тиімді қолдана отырып, көпфункционалды өнім жасау ерекше жетістік. Бұл бастама пәнаралық байланысты дамытып, тарих ғылымын заманауи құралдармен ұштастырудың үлгісіне айналды.
«Виртуалды палеолит» жобасы ежелгі дәуірлер тарихын визуалды түрде оқытуды мақсат тұтып, заманауи бағдарламалық шешімдерді қолдану арқылы тарихи білімді жаңа форматта жеткізуді көздейді. Бұл оқыту үрдісін қызықты әрі қолжетімді ете түсті.
Жоба жетекшісі мен қатысушы студенттер байқауды ұйымдастырған ҚазҰУ басшылығына, Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығына алғыс білдірді. Олар бұл жобаны болашақта әрі қарай жетілдіріп, кеңінен дамытуды жоспарлап отыр.
Эльвира ҮМБЕТЖАНОВА,
Технологияларды коммерцияландыру
және креативты индустрия
орталығының жоба менеджері
Басқа жаңалықтар