ТДМ-4: Сахна мен сезім: студенттердің мәдени демалысы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті, Философия және саясаттану факультеті, Экономика және Бизнес жоғары мектебі, Шығыстану факультеті, География және табиғатты пайдалану факультеті мен Биология және биотехнологиялар факультетінің студенттері мен оқытушылары біріге отырып, 2025 жылдың 2 қараша күні мәдени-рухани құндылықтарды арттыру, өнерге деген қызығушылық пен эстетикалық талғамды қалыптастыру мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барып, «Махаббат қызық, мол жылдар» атты қойылымды тамашалады.
Театрға бару – бұл тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар жастардың өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын оятатын ерекше мүмкіндік. Қойылым барысында студенттер махаббат, достық, отбасы құндылықтары және адамгершілік тақырыптарында ойлы сәттерге куә болды. Актерлердің шынайы эмоциясы, сахналық шешімдері мен кейіпкерлердің өмірлік драмаға толы бейнелері көрермендерге ерекше әсер етті. Студенттер қойылымды қарап қана қоймай, әр сахнадағы мән-мағынаны талқылап, эмоцияларымен бөлісті.
Сапар барысында студенттер актерлермен естелік суретке түсіп, сахнаға деген қызығушылықтарын арттырды. Мұндай мәдени шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтеді, адамгершілік құндылықтарды ұғынуға көмектеседі және әрқайсының жеке тұлға ретінде дамуына оң әсерін тигізеді.
Студенттердің пікірінше, қойылым олар үшін тек көңіл көтеру ғана емес, өмірлік сабақ та болды. Олар махаббат пен достықты бағалау, өмірдегі маңызды шешімдерді қабылдау сияқты терең ойларға қалды. Бұл сапар студенттердің мәдени және рухани танымын арттырып, өнерге деген қызығушылығын күшейтті.
Болашақта да студенттердің театр мен мәдени шараларға қатысуын ұйымдастыру жоспарлануда, себебі бұл жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, оларды өмірде дұрыс бағытта жетелейтін маңызды іс-шара болып саналады.






Басқа жаңалықтар