Ақпараттық технологиялар факультетінің ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтайтын «Zhurek AI» платформасын әзірледіFarabi University

Ақпараттық технологиялар факультетінің ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтайтын «Zhurek AI» платформасын әзірледі

18 қыркүйек, 2025

Ақпараттық технологиялар факультетінің ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін «Zhurek AI» атты инновациялық платформаны жасап шығарды.

Жасанды интеллектке негізделген бұл жүйе адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі ауытқуларды дер кезінде анықтап, олардың қауіптілік деңгейін автоматты түрде бағалай алады. Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, диагностика үдерісін жылдамдатады.

Пайдаланушы платформаға PDF форматындағы қан талдауының нәтижесін жүктеп, арнайы сауалнаманы толтырады. Жүйе барлық мәліметті жылдам өңдеп, ықтимал тәуекел деңгейін көрсетеді. Егер денсаулыққа айтарлықтай қауіп анықталса, жүйе пайдаланушыға дәрігерге жүгінуді ұсынады.

«Zhurek AI» терең нейрондық желілер (DNNs) мен үлкен тірек векторлары әдісіне (Large-margin SVMs) негізделген күрделі алгоритмдер арқылы жоғары дәлдікпен жұмыс істейді.
Жобаның ғылыми қызметкері Әсия Балтабаеваның айтуынша, платформаның басты артықшылығы – жылдамдық пен дәлдік. «Жүйе мыңдаған нақты медициналық деректерге сүйене отырып әзірленді, сондықтан ол кейде дәрігер байқамауы мүмкін жасырын ауытқуларды да анықтай алады», – деді ол.

Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Инновациялық платформаны ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар факультетінің 15 ғалымы бірлесіп әзірледі. Алдағы уақытта жүйені толық іске қосу және коммерцияландыру жоспарланып отыр.