ТДМ №4: «БІЗ» студенттік театры жаңа шығармашылық маусымын бастадыFarabi University

ТДМ №4: «БІЗ» студенттік театры жаңа шығармашылық маусымын бастады

22 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдени өмірінде айрықша орын алатын «БІЗ» студенттік театры жаңа шығармашылық маусымын табысты бастады. Өнерге құштар жастарды біріктірген бұл театр ұжымы студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытып, сахна мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.

Театрдың басты ұстанымы – бірлік пен өнер арқылы қоғамға ой салу, көрерменге рухани әсер сыйлау және жастарды ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу. «БІЗ» театры – тек шығармашылық орта ғана емес, нағыз өмір мектебі. Мұнда әр студент өз ойын, өз көзқарасын сахна тілі арқылы жеткізуді үйренеді.

21-22 қазан күндері театр құрамына жаңа мүшелерді қабылдауға арналған кастинг өтті. Екі күн бойы үздіксіз жүргізілген іріктеуге барлық труппа белсене қатысып, бір отбасыдай ұйымшылдық танытты. Кастинг барысында қатысушылардың актерлік қабілеті, сахнада өзін ұстау мәдениеті және шығармашылық ойлау деңгейі бағаланды. Өнерге деген ықыласы мен ерекше дарынымен көзге түскен студенттер театрдың жаңа құрамына қабылданды.

Студенттердің белсенділігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі жоғары болғандықтан, қатысушылардың өтінішімен кастинг мерзімі тағы бір күнге ұзартылды. Бұл жастар арасындағы театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда театр ұжымы жаңа маусымның репертуарын әзірлеу үстінде. Көрерменнің ықыласына бөленген қойылымдарды қайта сахналау және жаңа шығармалар ұсыну жоспарда бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «БІЗ» студенттік театрының шығармашылық жетістіктеріне зор сенім білдіре отырып, алдағы қойылымдарында сәттілік пен шабыт тілейді.