Франциямен математикалық ғылымдар саласындағы ынтымақтастық
Жақында механика-математика факультетінің деканы Ж.М. Бектемесов және математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының оқытушылары Пуатье университетінің ((Université de Poitiers, France)) профессоры Фредерик Рихардпен (Frederic Richard) «Қолданбалы және есептеу математикасы» мамандығы бойынша бірлескен қос дипломды магистрлік бағдарламаны іске қосу мәселесін талқылау үшін кездесті. Профессор француз әріптестерінің математикалық ғылымдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға деген жоғары қызығушылығын атап өтті. Әңгіме барысында қазіргі әлемде, әсіресе жасанды интеллект саласында, технологиялық прогресс қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты терең математикалық әдістер мен бағдарламалау дағдылары бар мамандарға деген қажеттілік барған сайын өзекті болып келеді.
Жаңа бағдарлама күрделі есептерді шешуде инновациялық алгоритмдерді әзірлеуге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Пәнаралық тәсілдің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Түлектер алған білімдерін инженерия, IT, экономика және ғылыми зерттеулер салаларында қолдана алады. Профессор бағдарламаның халықаралық оқыту стандарттарына сай дайындалатынын атап өтті. Кездесу соңында екі тарап та жобаның маңыздылығын атап өтіп, бағдарламаның жақын арада сәтті іске қосылуына үміт білдірді.
МКМ кафедрасының меңгерушісі,
қауымдастырылған профессор С.Д. Маусумбекова
Басқа жаңалықтар