ҚазҰУ-да Асқар Ақаев ЖИ дәуіріндегі адамзат дамуы туралы дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, РҒА академигі, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Күрделі жүйелердің математикалық зерттеулері институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі адамзат дамуы» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Дәрістің негізгі идеясы – адамзат өркениетінің үш маңызды кезеңнің табалдырығында тұрғаны: технологиялық (жасанды интеллект), демографиялық және эволюциялық өзгерістер екені және олардың адамзаттың болашақ дамуына ықпалы болды.
Іс-шараға танымал ғалымдар мен сарапшылар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Сонымен қатар Механика-математика факультетінің деканы Ж.М. Бектемесов бастаған факультеттің профессорлық-оқытушы құрамы мен магистранттары да дәріске белсенді қатысып, ғалыммен пікір алмасты.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты таныстырып, оның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесіне тоқталды. Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ғылымнан саясатқа келген тұлға. Ол Санкт-Петербург университеті мен Ленинград нақты механика және оптика институтында инженер-математик мамандығын алып, Мәскеу инженерлік-физикалық университетінде кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғаған. Ғалымның жетекшілігімен Қырғыз ғылым академиясының өңірлік ғылыми алмасудағы рөлі күшейіп, инженерлік және технологиялық жобалар жүзеге асырылды, – деді университет басшысы.
Өз сөзінде академик Асқар Ақаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында баяндалған бағдарламаны жоғары бағалады. Бұл – ең амбициялы бастамалардың бірі. Үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру мақсаты айқындалды. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасанды интеллект технологияларын дамыту мен цифрлық трансформация саясатын жүзеге асыруда көшбасшы бола алады, – деп атап өтті ғалым.
Профессордың айтуынша, алдағы жылдары адамзат демографиялық, технологиялық және эволюциялық сингулярлық кезеңдерден өтеді. Бұл үдерістер адам мен жасанды интеллекттің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеріп, «адам + ЖИ» симбиозының барлық салада жетекші күшке айналуына жол ашады.
Кездесу соңында қатысушылар ғалымға өз сұрақтарын қойып, жасанды интеллекттің болашағы мен оның адамзат дамуына әсері жөнінде пікір алмасты.



Дулатова Нұриля Жүнісбекқызы
Механика-математика факультетінің жетекші маманы
Басқа жаңалықтар