- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Технология және этика: заманауи қоғамдағы моральдық жауапкершілік пен сын-тегеуріндер»
«Технология және этика: заманауи қоғамдағы моральдық жауапкершілік пен сын-тегеуріндер»
Біріккен Ұлттар Ұйымының «Тұрақты даму мақсаттары» аясында белгіленген “Сапалы білім беруді қамтамасыз ету арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу” мәселесіне қатысты «Технология және этика: заманауи қоғамдағы моральдық жауапкершілік пен сын-тегеуріндер» атты тақырыпта пікір алмасу мақсатында Халықаралық қатынастар кафедрасының профессор м.а. А.Р. Әліпбаевтың жетекшілігімен 2025 жылы 8 қараша күні “Халықаралық қатынастар” мамандығының 1-курс студенттерімен факультеттің тұңғыш деканы «Г.Ш.Жамбатырова атындағы залда» дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Талқылауға ұсынылған мәселе бойынша баяндамашылар ретінде 1-курс студенттері Кеңес Айсұлу өзінің қазақ тіліндегі баяндамасында, Қазбекұлы Айбол - ағылшын тіліндегі, Тілеуқұл Кәусар – орыс тіліндегі және Жеңіс Мағжан қытай тіліндегі баяндамасында заманауи технологиялардың қоғам өміріне әсері мен этикалық қырларын талқылады. Технология адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар жаңа сын-тегеуріндер мен моральдық дилеммаларды туындататыны атап өтілді.

Қазіргі кезеңдегі осындай көкейкесті мәселелерге қатысты студенттер арасындағы пікір алмасудың да негізгі мақсаты – бұл технологиялардың зейін, есте сақтау, тәуелділік, шешім қабылдау және сыни тұрғыдан ойлау, білім алу қабілеттеріне тигізетін жағымды және жағымсыз жақтарын ортаға салу болатын. Талқылау кезінде жасанды интеллекттің дамуымен байланысты моральдық мәселелер, киберқауіпсіздік пен жеке деректердің құпиялылығын сақтау, сондай-ақ цифрлық этика ұғымдары кеңінен қарастырылды.

Қатысушылар технологияны дамытуда адамгершілік құндылықтар мен моральдық шектеулерді сақтау – қоғамның тұрақты және қауіпсіз дамуының негізгі кепілі екеніне назар аударды. Кездесу соңында студенттер технологиялық жетістіктер адам игілігіне бағытталуы тиіс, ал этикалық нормаларды сақтау – кез келген инновацияның маңызды құрамдас бөлігі деген ортақ қорытындыға келді.
Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға “халықаралық қатынастар” мамандығының 1-курс студенттері (ХҚ-52К тобы) белсенді атсалысты.
Басқа жаңалықтар