ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БИОӘРТҮРЛІЛІГІН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ» БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫҚ КЕЗДЕСУFarabi University

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БИОӘРТҮРЛІЛІГІН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ» БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫҚ КЕЗДЕСУ

11 қараша, 2025

2025 жылғы 8 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азияның биоәртүрлілігін сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындылары бойынша ғалымдар мен зерттеушілердің жұмыс кездесуі өтті.

Талқылауға Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстан өкілдері қатысты. Кездесу барысында биоәртүрлілікті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылып, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру жолдары ұсынылды.

Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі — «Еуропа мен Орталық Азиядағы қалалық флораның қоршаған ортаны декарбондандыруға әсері және Тұрақты даму мақсаты 15 шеңберінде жасыл аймақтардың ақылды үлгілерін дамыту» жобасы болды. Бұл жоба урбанизация, ресурстарды тұтынудың өсуі және климаттың өзгеруіне бейімделу қажеттілігі жағдайында өзекті деп танылды.

Сонымен қатар қатысушылар «Германия мен Орталық Азия қалаларының топырағына антропогендік факторлардың әсерін және өсімдіктер жағдайын зерттеу, сондай-ақ химиялық тыңайтқыштарсыз топырақты жақсарту әдістерін әзірлеу» жобасын жүзеге асыру бастамасына ерекше назар аударды.

Бұл бағыт жасыл екпелерді сақтау мен қалпына келтіру саласында экологиялық тұрғыдан қауіпсіз шешімдерді іздеуде маңызды рөл атқарады.

«Бірлескен зерттеулер қалалық топырақтардың сапасын арттыру мен өсімдіктердің төзімділігін табиғи және биотехнологиялық әдістер арқылы жақсартуға ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті қатысушылар.

Кездесудің қорытындысы халықаралық ғылыми әріптестікті дамытудың маңызды қадамы болып, биоәртүрлілікті сақтау мен тұрақты даму бастамалары аясындағы өзара іс-қимылдың болашақ бағыттарын айқындады.