ТДМ №3: ҚазҰУ-да салауатты өмір салты насихатталдыFarabi University

ТДМ №3: ҚазҰУ-да салауатты өмір салты насихатталды

4 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден арылуға ынталандыру және темекі түтінінің адам ағзасына зияны туралы ақпарат беру мақсатында «Никотиннен бостандық» атты тәрбиелік бағыттағы кездесу өтті.

Іс-шараға денсаулық сақтау саласының сарапшысы, қоғамдық белсенді Данияр Абдрахманов арнайы шақырылып, студент жастармен ашық форматта сұхбат өткізді.

Кездесу барысында спикер никотиннің адам ағзасына ұзақ мерзімді әсері, тәуелділіктің физиологиялық және психологиялық қырлары, сондай-ақ темекі шегудің қазіргі таңда кең таралған электронды түрлерінің (вейп, снюс, айкос және т.б.) денсаулыққа төндіретін қауіптері туралы нақты деректер мен ғылыми дәлелдер келтірді.

Сондай-ақ, сарапшы темекі индустриясының маркетингтік айлалары мен жастар арасында қалыптасып жатқан қате түсініктер туралы сөз қозғап, зиянды әдеттерден бас тартудың тиімді стратегияларын ұсынды.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, темекіге тәуелділіктен арылу жолдары мен мотивациялық тәсілдер жөнінде пайдалы кеңестер алды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, никотиннің зияны туралы қоғамдық сананы арттыру және «Темекі түтінінен таза университет» жобасы аясында ҚазҰУ кеңістігін толықтай темекісіз аймаққа айналдыру болды.

Мұндай ақпараттық кездесулер студенттердің денсаулық мәдениетін нығайтып қана қоймай, олардың өз өміріне жауапкершілікпен қарап, қоғамның белсенді әрі саналы мүшесі болуына ықпал етеді.