Рекреациялық география және туризм кафедрасы университеттің ақпараттық-ағартушылық іс-шаралары аясында түлектерге арналған семинар өткіздіFarabi University

Рекреациялық география және туризм кафедрасы университеттің ақпараттық-ағартушылық іс-шаралары аясында түлектерге арналған семинар өткізді

17 қараша, 2025

2025 жылғы 17 қараша күні География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы өткен жылдардағы түлектерге арналған семинар өткізді. Іс-шара университеттің ақпараттық-ағартушылық білім беру бағдарламалары аясында ұйымдастырылып, кафедра мен түлектер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, білім беру сапасын арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталды.

Семинардың негізгі мақсаты – Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) негізгі ережелерін түсіндіру және туризмнің әлеуметтік, экономикалық және мәдени даму үдерісіндегі рөлін кеңінен ашу. Бүгінгі күні туризм қоғамның дамуына серпін беретін маңызды сала болып табылады: ол мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді, жергілікті экономикаларды қолдайды және табиғи ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады.

Кездесу барысында кафедра түлектерінің рөлі ерекше атап өтілді. Олар – білім беру мен практикалық қызметті байланыстыратын маңызды көпір. Түлектердің кәсіби тәжірибесі, жұмыс барысында жинақтаған білімдері мен нарық сұраныстары жөніндегі пікірлері кафедраның оқу процесін жетілдіруге, оның еңбек нарығына сәйкестігін арттыруға құнды негіз болады.

Семинар аясында оқу жоспарларын жаңарту және өзектендіру мәселелері талқыланды. Қатысушылар заманауи құзыреттерді енгізу, білім беру траекторияларын икемді ету, практикалық бағыттылықты күшейту және оқу бағдарламасына тұрақты даму элементтерін қосу жөнінде ұсыныстар айтты. Мұндай диалог кафедраға туристік индустриядағы өзгерістерге дер кезінде жауап беруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар дайындауға мүмкіндік береді.

Түлектердің жұмыспен қамтылуына қарамастан, семинар белсенді және нәтижелі өтті. Қатысушылар көптеген сұрақтар қойып, пікір алмасып, одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Іс-шара түлектерден жоғары бағасын алып, осындай кездесулердің маңыздылығын айқын көрсетті.

Рекреациялық география және туризм кафедрасы алдағы уақытта да кәсіби қауымдастықпен және түлектермен байланысын нығайтуды жалғастырып, білім беру сапасын жетілдіру, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету және университеттің қоғамдық әсерін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.