- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ТДМ №4: «Қауіпсіз оқу ортасын қалай құруға болады?» атты ашық кураторлық сағат өтті
ТДМ №4: «Қауіпсіз оқу ортасын қалай құруға болады?» атты ашық кураторлық сағат өтті
Қазіргі таңда білім беру процесінің едәуір бөлігі цифрлық кеңістікке ауысты. Бұл өз кезегінде студенттердің ақпараттық мәдениетін, жауапкершілікті онлайн мінез-құлықты қалыптастыруды және қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз етуді талап етеді. Осыған орай Филология факультетінде «Қауіпсіз оқу ортасын қалай құруға болады?» атты ашық кураторлық сағат өтті.
Өткізілген ашық кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттерге интернеттегі және оқу процесіндегі қауіпсіздіктің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ қауіпті контентті шектеу және бақылау тәсілдерімен таныстыру болды.
Кураторлық сағаттың өзектілігі қоғамдағы цифрлық тәуелділіктің артуымен, ақпараттың шексіз қолжетімділігімен және жастардың интернет кеңістігін дұрыс пайдалану мәдениетінің жеткіліксіздігімен байланысты. Бүгінгі студент тек академиялық біліммен шектелмей, онлайн ортада өзін және өз денсаулығын қорғай алатын тұлға болуы қажет. Кураторлық сағат «Шетел филологиясы: батыс тілдері» мамандығының 3-курс шетел студенттерінің қатысуымен өтіп, іс-шара барысында үш негізгі бағытқа баса назар аударылды: 1)Онлайн кеңістікте мінез-құлықты қалыптастыру. Студенттерге интернеттегі жеке ақпаратты қорғау, әлеуметтік желілерде этикалық нормаларды сақтау, кибербуллинг пен жалған ақпаратқа қарсы тұру жолдары түсіндірілді. Пікірталас барысында студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, онлайн қарым-қатынастағы жауапкершілік пен өзге тұлғаларға құрметтің маңыздылығын атап өтті. 2) Қауіпті контентті шектеу және бақылау. Қатысушылар интернеттегі зиянды материалдардың психологиялық және моральдық әсері туралы ақпарат алды. Студенттерге контент сүзгілерін орнату, сенімді дереккөздерді пайдалану және ақпаратты сын тұрғысынан бағалау дағдыларын қалыптастырудың тиімді тәсілдері ұсынылды. 3) Студент өзінің қауіпсіз оқу ортасын құру және денсаулығын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Кураторлық сағат барысында студенттер психологиялық және физикалық тұрғыдан қауіпсіз орта тек аудиторияда ғана емес, сонымен қатар онлайн кеңістікте де маңызды екені түсінді.
Кураторлық сағаттың соңында студенттер кері байланыс беріп, өз ойларымен бөлісті. Қатысушылардың көпшілігі бұл іс-шараның өзекті әрі пайдалы болғанын атап өтті. Әсіресе, «Онлайн мінез-құлық» тақырыбы студенттер арасында ерекше қызығушылық тудырды. Олар өздерінің интернеттегі белсенділігін қайта қарастырып, жеке деректерді қорғаудың және ақпаратты саралап пайдаланудың маңыздылығын түсінді. Ашық кураторлық сағат студенттердің ақпараттық мәдениетін арттыруға, өз жауапкершілігін сезінуге және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған тиімді тәрбие жұмысы болды.
Бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде өткізу студенттердің тұлғалық дамуына, саналы цифрлық мінез-құлыққа және қоғамдағы белсенді, жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар