The draft of the new Constitution of the Republic of Kazakhstan has been published
31 january, 2026
Заңнамалық тұрғыда әлеуметтік ортада талқылауға ұсынылып жатқан жаңа Конституция жобасының басты артықшылығы – мемлекет пен қоғамның өзегін «адам және оның құқықтары» принципіне нақтырақ байланыстырып, құқықтық нормалардың дәлдігін күшейтуі. Жобада білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттік дамудың негізгі идеясы ретінде айқын көрсетілген және қолданыстағы конституциядан логикалық айырмашылығы – табиғи, қаржылық, инфрақұрылымдық ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетін құқықтық бағдар қалыптастыратындығы.
Сонымен қатар, жобада құқықтар мен бостандықтарды қорғау механизмдерін күшейтіп, құқықтық айқындық принципін нақтылауға басымдық берілгені атап өтіледі. Бұл азаматтың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталады.
Қазіргі цифрлық ортаның талаптарына сәйкес, жобаның ерекше жаңалығы – цифрлық трансформацияны конституциялық деңгейде мойындап, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасын алғаш рет бекітуі. Бұл норма цифрлық кеңістіктегі жеке өмірдің қорғалуы, дербес деректердің қауіпсіздігі, онлайн-қызметтерді пайдалану кезіндегі құқықтық кепілдіктер сияқты шараларға «ең жоғарғы құқықтық күш» деңгейінде қорғаныс қабатын қосуы.
Нәтижесінде, электрондық үкімет сервистері, цифрлық сәйкестендіру, мемлекеттік деректер жүйелері және киберқауіпсіздік бойынша талаптар тек ведомстволық ережелермен емес, конституциялық құндылықтармен үйлестіріліп дамуға мүмкіндік алады. Бұл – қазіргі цифрлық экономика жағдайында Қазақстан үшін құқық пен технологияның тоғысындағы– деректердің таралуы, цифрлық алаяқтық тәуекелдерін жүйелі түрде басқаруға бағытталған сапалы қадам деп айтуға болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры
Байшоланова Қарлығаш Советовна