Түркия – НАТО қатынастары: ашық дәріс форматындағы талдау
2026 жылғы 10 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған ашық дәріс сабағы өтті.
Іс-шара «Түркия – НАТО қатынастары және қорғаныс саясаты» тақырыбына арналды. Ашық дәрісті «7M02217 – Шығыстану» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты Анер Арлан Асқарұлы өткізді. Дәріс барысында Түркия Республикасының НАТО жүйесіндегі орны, геосаяси маңызы, қорғаныс саясатының негізгі бағыттары және қазіргі халықаралық қауіпсіздік үдерістеріндегі рөлі жан-жақты талқыланды.
Ашық сабаққа Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысып, жас магистранттың педагогикалық және ғылыми дайындығына жоғары баға берді. Атап айтқанда, іс-шараға кафедра меңгерушісі, доцент м.а. Халел А., педагогикалық практика жетекшісі т.ғ.к., профессор Эгамбердиев М.Ш., PhD, қауымдастырылған профессор Құрманәлі Ч.А., кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Қырқымбекова А.Т., PhD доцент-зерттеуші Қайранбаева Н.Н., аға оқытушы Ілияс Н.К., сондай-ақ педагогика және психология саласының мамандары қатысты.
Сабақ барысында заманауи оқыту әдістері, интерактивті құралдар, презентациялар мен картографиялық материалдар тиімді қолданылып, студенттермен белсенді кері байланыс жасалды. Қатысушылар дәрістің ғылыми мазмұнының тереңдігін, құрылымдық нақтылығын және тақырыптың өзектілігін ерекше атап өтті.
Ашық дәріс нәтижесінде магистранттың кәсіби-педагогикалық әлеуеті, ғылыми ойлау қабілеті мен заманауи білім беру технологияларын меңгеру деңгейі айқын көрініс тапты. Бұл іс-шара жас зерттеушілерді қолдауға және болашақ жоғары оқу орны оқытушыларын даярлауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Қырқымбекова А.Т.
Басқа жаңалықтар