- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінде көктемгі семестрінің емтихан сессиясын өткізу мәселесі талқыланды
География және табиғатты пайдалану факультетінде көктемгі семестрінің емтихан сессиясын өткізу мәселесі талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінде 2025–2026 оқу жылының көктемгі семестріндегі қорытынды бақылауды өткізу формалары мен платформаларын таңдау мәселесіне арналған әдістемелік семинар өтті.
Іс-шара барысында емтихан сессиясын ұйымдастырудың өзекті тәсілдері қарастырылып, қорытынды бақылаудың әртүрлі формаларын қолдану бойынша статистикалық деректер ұсынылды.
Ең кең таралған формат ретінде офлайн жазбаша емтихандар мен Moodle жүйесіндегі тестілеу аталды. Сонымен қатар онлайн және офлайн форматтағы ауызша емтихандар, онлайн жазбаша жұмыстар және аралас бақылау түрлері де белсенді түрде қолданылуда. 
Емтихандарды кафедралар бойынша бөлу мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы 200-ден астам емтихан өткізуді жоспарласа, Рекреациялық география және туризм кафедрасы шамамен 190, Картография және геоинформатика кафедрасы – 150, тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы 120-дан астам емтихан өткізеді.
Семинар қатысушыларына қорытынды бақылау формаларын таңдау және бекіту регламенті түсіндірілді: платформаларды анықтау ақпан айының соңына дейін аяқталуы тиіс, ал кафедра деңгейінде келісу 2026 жылдың наурыз айының басына дейін жүргізілуі қажет.
Кездесу аясында Moodle жүйесінде тестілеуді ұйымдастыру ерекшеліктері, прокторинг талаптары, академиялық адалдық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ ауызша емтихандардың білімді бағалаудың икемді әрі психологиялық тұрғыдан қолайлы форматы ретіндегі артықшылықтары талқыланды.
Осындай әдістемелік семинарларды өткізу емтихан рәсімдерін ұйымдастыру сапасын арттыруға, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және факультеттегі қорытынды бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Басқа жаңалықтар