Заң мен тәртіп: студенттік заң клиникасы оқушыларға құқықтық түсіндіру жүргізді  Farabi University

Заң мен тәртіп: студенттік заң клиникасы оқушыларға құқықтық түсіндіру жүргізді  

19 ақпан, 2026

   2026 жылғы 19 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласындағы №207 мектеп-лицей және №138 мектеп-гимназиясының 9–11-сынып оқушыларымен кездесу өтті.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында заң мен тәртіп қағидаларын насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыру болды. Кездесу барысында қоғамдағы заңның үстемдігі, құқық бұзушылықтың алдын алу, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

     Кездесуге гимназия оқытушылары, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультеті жанындағы студенттік заң клиникасының өкілдері атап айтқанда, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы; кафедра профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Айғаринова Гүлнар Төлеухадирқызы; студенттік заң клиникасының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Байдельдинов Дәулет Лайкович, аға оқытушылар Елеусізова Нұргүл Төлеубекқызы мен Бакиров Дархан Әбдіманапұлы, сондай-ақ заң клиникасының басқа да өкілдері белсенді қатысып, оқушылармен пікір алмасты.

    Мамандар оқушыларға заң талаптарын сақтау тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның негізі екенін атап өтіп, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықтық жағдайларға тоқталды.

   Сонымен қатар, оқушыларға құқықтық кеңес беріліп, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Нақты мысалдар арқылы заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы көрсетілді.

    Іс-шара соңында жастарға заңға құрметпен қарауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел дамуына жауапкершілікпен атсалысуға шақыру айтылды. Мұндай кездесулер жас буынның құқықтық санасын қалыптастырып, олардың заңға бағынатын, тәртіпті азамат болып өсуіне ықпал етеді.