Афины төрінде әл-Фараби мұрасы талқыландыFarabi University
Референдум 15 марта

Афины төрінде әл-Фараби мұрасы талқыланды

3 наурыз, 2026

Афинының Каподистрия атындағы ұлттық университеті базасында «Әл-Фараби және грек философиясы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Ауқымды шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы қатысып, нәтижесінде екі жоғары оқу орны арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Конференция шығыс пен батыс философиясының сабақтастығын, мәдениеттер диалогын және әл-Фараби мұрасының қазіргі жаһандану жағдайындағы маңызын талқылауға арналды.

ҚазҰУ делегациясы құрамында Жаһандық серіктестік кеңесінің жетекшісі Елдос Өсербаев, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманәлиева және аға оқытушы Байжұма Самет болды. Сондай-ақ конференция жұмысына Қазақстанның Грекиядағы төтенше және өкілетті елшісі Тимур Сұлтанғожин, Әзірбайжанның Грекиядағы елшісі Ариф Балоглан оглу Мамедов, Грекияның Қазақстандағы құрметті консулы Иоаннис Малкояннис және өзге де халықаралық сарапшылар қатысты.

Панельдік пікірталасты аталған оқу орнының Философия кафедрасының меңгерушісі Георгиос Стейрис ашып, Қазақстан мен Грекия жетекші жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты кеңейтудің маңызын атап өтті.

ҚазҰУ ғалымдары өз баяндамаларында университетте жүзеге асырылып жатқан «Әл-Фараби және қазіргі заман» курсы мен «Халықаралық Фараби форумы» ғылыми платформасын таныстырды. Спикерлер әл-Фараби идеяларының білім беру жүйесін жаңғырту және ғылым мен білім интеграциясын нығайтудағы өзектілігіне тоқталды.

Қол қойылған меморандум академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға және қос диплом бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі