Жаңа оқу жылы ректордың дәрісімен басталды

3 february, 2009

         Жаңа оқу жылын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов еліміздің бас жоғары оқу орнының табалдырығын жаңа аттаған студенттерге арналған «Университеттік білімнің еліміздің дамуындағы ролі» атты дәрісімен бастады.

         - Біз өте қызықты әрі жауапкершілігі мол кезеңді бастан кешірудеміз.  Қазақстан әлемдік қауымдастықпен білімге негізделген ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл жоғары оқу орны мен ғылыми қауымдастықты шабыттандыратын жағдай,- деп атап өтті академик Б.Т. Жұмағұлов. 

         Осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы аясындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясы бекітіліп, оны жүзеге асыру бойынша нақты іс-шаралар қолға алынған болатын. Білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациясы, білім беру мен ғылым менеджментінің жаңа сатысы, әлемнің ең үздік университеттерінің рейтингісіне ену - еліміздің бас оқу орнының алға қойған табанды мақсаттары осылай жалғаса береді. Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, бұған қол жеткізуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың толық мүмкіндігі бар. Даму болашағымыз айқындалған, жоғары кәсіби және ғылыми біліктілік пен зор ынта-жігер дәл осында шоғырланған.

         Университет ректорының Білім күніндегі дәрісі шетелдерде қалыпты жағдай болғанымен, біздің еліміздің жоғары оқу орындары үшін әзірге дәстүрге ене қойған жоқ. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының Білім күніндегі дәрісі дәстүрге айналмақ.

         - Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы мен студенті деген мәртебе көптеген марапаттар мен сыйлықтардан биік тұратын дәрежеге жетуіміз керек,- деп жігерлендірді ректор университет ұжымын.

         Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушыларының мемлекеттік марапаттарды иеленуі  мерекелік көңіл-күйді одан әрі көтере түсті. Ректор университеттің 11 профессорына «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін және 6 профессорға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісін салтанатты түрде табыстады.

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024