Білім ордасындағы жылы жүздесулер

3 february, 2009

Білім күні - кемелдік жолына бастайтын алғашқы баспалдақ. Сондықтан әр жас үшін бұл күннің маңызы ерекше. Олардың қатарында еліміздің білімі мен ғылымының қарашаңырағы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын алғаш рет аттайтын бірінші курстықтар да бар.

Білім күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың факультеттерінде де кеңінен атап өтілді. Биылғы жылы мемлекеттік  білім беру гранттары бойынша талапкерлерді қабылдауда университет алғашқы орынды иеленген. 14 факультетке 4 000 студент қабылданған, оның ішінде ақылы бөлімдегілер де бар.

Бірінші курс студенттері дәстүрге айналған факультет декандары мен кафедра меңгерушілерімен, профессор-оқытушылар құрамымен танысумен қатар, өз мамандығы бойынша зор табыстарға жеткен, университет мақтанышына айналған түлектермен де кездесті. Заң факультетінде Алматы қаласының ІІД бастығы Ерлан Тұрғанбаев, филология факультетінде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, биология факультетінде «Экомед» клиникасының басшысы Салтанат Байқошқарова, журналистика факультетінде Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, халықаралық қатынастар факультетінде ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Болат Сұлтанов, шығыстану факультетінде «Еуразия қыпшақтары» қорының президенті Болат Көмеков қонақта болып, өздерінің сүйікті мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті.

Дәл осы күні факультеттердің жаңа оқу жылына кешенді дайындығына арналған байқау қорытындыланды. Бірінші орынды философия және саясаттану факультеті иеленсе, екінші орынға химия факультеті шықты, үшінші орынды экономика және бизнес факультеті мен биология факультеті өзара бөлісті.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

 

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024