"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

3 november, 2010

"Инновация енді егемендікті баянды етіп, Астана аспанын ашық ұстайтын болды". - Бізбен әңгімесін физика ғылымдарының докторы, академик, әл-Фараби атындағы Ұлттық университет профессоры Фазылхан Байымбетов осылай бастады.

- 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз алдағы онжылдықта атқарылатын жұмыстар ауқымын жариялағанда алғашқы қуанғандардың бірі болған едім. Өйткені біздің ғылыми топқа Қазақстанның кешегі КСРО дәуірінде де, одан кейінгі егемендіктің 19 жылында да экономикалық даму бағытының жағдайы мәлім болатын. Атап айтсақ, жердің беті мен қойнауындағы байлықты алып күн көргенімізге мәз болып келдік. Жердің беті тозды деп агрономия мен биология саласындағы ғалымдар жиі айтатын болды. Ал жер қойнауына келетін болсақ, қанша баймыз десек те белгілі бір уақыттан кейін ондағының да таусылатыны белгілі. Сонда жағдайымыз не болады?
Міне, дәл осы сұрақ ғылыми топтың өкілдерін қатты толғандыратын. Ол ол ма, даму жағынан жер жүзін түгел таңғалдырып келген Жапония мен Оңтүстік Корея, Оңтүстік Шығыс Азияның "арыстандары" мен "жолбарыстары" атанған елдер, Еуропадағы көптеген дамыған елдер мүлде шикізаты жоқ аймаққа жатады. Бірақ солардың бәрінің де экономикасы мен халқының тұрмыс-тіршілігі біздегіден әлдеқайда жақсы. Бір еске салатын тұс - тіпті Жапонияның өзінде адамзат тарихында айтарлықтай сүбелі үлес болып қосылатын жаңалықтар ашқан ғалым жоқ. Көптеген елдерге қарағанда, Құдайға шүкір, Қазақстанның ғылыми әлеуеті бір саты жоғары тұр. Ал кей жағдайда стратегиялық мақсаттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан ғалымдарымыз ашқан жаңалық - адамзат әлі де қол жеткізе алмаған биіктік. Егер мемлекеттің жалпы тұрғындарына келетін болсақ, онда дәл біздегідей жаппай орта білімділік деңгейімен әлемнің көптеген елдері мақтана алмайды. Осындай жағдайдағы Қазақстанның күні кешеге дейін аграрлық және шикізаттық аймақ болып қалуы қынжылтатын еді.
Мінекей, Елбасымыздың соңғы Жолдауына қуануымның себебі осы қателіктерден арылудың жолына түсуді мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе ретінде күн тәртібіне шығарылуы.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді ғой халқымыз, сондықтан ырғалып-жырғалмай, бұрынғы талай бағдарламаларға жасаған қиянаттарын қайталамай, бірден білек сыбана кірісіп, 2010-2020 жылдарға арналған индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын жасап, жүзеге асырып жатқан Үкіметке, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысымды айтып отырамын. Бір жылдың алты айында бағдарламаға енген 72 нысанды пайдалануға берген кезіміз болған жоқ. Құдай қаласа, жыл аяғына дейін 150-дей жаңа индустрия бағдарламасына енген кәсіпорын іске қосылады дегенді Үкіметтегілер жариялап үлгерді. Бүгінгі қарқынына қарағанда бұған сенбеске амал жоқ. Алла алдарынан жарылқасын!
Мен ғалым ретінде ауқымды онжылдық бағдарламаның "жүгіне" зер салып үлгердім. Бәрі керекті, бәрі жаңа, бәрі жақсы. Бұл - ұлттық сапалық жаңғырудың кезекті бір баспалдағы деп ойлаймын. Егер Президент Н.Назарбаевтың басты стратегиялық мақсатына көңіл аударсақ, онда оның "интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт жасақтау" екені белгілі. Олай болса, бұл онжылдық бағдарлама ұлттық Көшбасшымыздың сол мұратына жетудің бастапқы кезеңі ретінде қарастырылғаны жөн.
Қалай болғанда да біздің Қазақстан ғылымының шыққан биігі жоғары болатын. Ғылым жалпы халықтық сапалық деңгейден әлдеқайда озық тұрды. Олай дейтін себебім елімізде нағыз озық технологиялы, халықтың басым бөлігі жұмыс істейтін өндірістік кешен болмады. Қазақстан ғалымдары ашқан небір керемет жаңалықтардың өзі КСРО дәуірінде Ресейде зауыт ретінде өмірге келіп жатты. Бірақ біздің елімізде ондай өндіріс ошағы жұмыс істемеді. Сондықтан да халық мал бағып, егін егумен, асып кетті дегенде, кен қазумен шектелді. Ал халықтың басым бөлігі осындай жағдайда жүргенінде біздің Алматыдағы ядролық физика институтында атом реакторы жұмыс істегенін көпшілік біле бермейді. Мұндай реакторлар әрі-берідесін әлем мемлекеттерінің 80 пайыздан астамында мүлде жоқ. Оларда ядролық физика ғылымы да дамымаған.
Қазір солардың кейбіреулері уранды байытуға құлшыныс жасап, оларына жалпы адамзаттық наразылық өршіп тұр. Ал біздің ғылым болса, уранды байыта да, байыған ураннан реакторларда жанатын ядролық отын құрастырмаларын жасап шығара да алады. Ол ол ма, Қазақстан ғылымы плутонийді залалсыздандыра білетінін тәжірибе жүзінде шетелдік ғалымдар мен саясаткерлерге Президентіміздің өзі көрсетіп берді. Міне, біздің ядролық ғылымымыздың осындай зор әлеуетін әлем жұртшылығына бүкпесіз ашық жеткізген Президент Н.Назарбаев биылғы көктемде Вашингтонда өткен ядролық қарусыздануға қатысты дүниежүзілік форумда сөз сөйлеп, қолында бар ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан және Семей ядролық сынақ алаңындағы жұмысты біржолата тоқтатқан мемлекет ретінде, сондай-ақ табиғи уранның мол қоры бар ел ретінде Қазақстанда ядролық отынның халықаралық банкингін жасау жөніндегі бейбіт ұсынысын жариялады.
Таяуда Норвегия билігі біздің Президентіміздің осынау жалпы адамзаттық игілікке қызмет ететін бейбіт те өміршең ұсынысын қолдап, мұндай ауқымды да маңызды іске қаржылай көмек көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Президент Н.Назарбаевтың Францияға сапары да түсіністік жағдайында аса жемісті өтті. Бұған біз қатты қуандық. Әсіресе, Қазақстанда қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан Францияның әлемге әйгілі Арево компаниясы инвестициялық тасқынды молайтып, дүниежүзінің кез келген ядролық реакторларында жана беретін атом отыны құрастырмаларын шығаратын бірлескен кәсіпорынды дамытуға ниетті екенін білдіруі бізді ерекше қуантқан бір іс болып шықты. Әрине, біз әлемге ядролық отын таратудан көшбастаушы компания - жапониялық Тошибомен де бұл салада әріптеспіз. АҚШ, Канада, Қытай, Ресей Федерациясы секілді мемлекеттермен де дәл осы салада стратегиялық әріптеспіз. Дегенмен Еуроодақтағы үш көшбастаушының бірі - Франциямен атом энергетикасы саласында стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілу еліміздің болашағын нұрлы ете түскен бір іс болғаны даусыз. Олай болса, елімізде ядролық отын банкингін ашу жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев бастамасы көп ұзамай-ақ инновациялық бағдарлама шеңберінде өмірге келетініне сеніміміз арта түседі. Кейбіреулер "одан бізге не пайда?" деуі мүмкін. Ескерте кетейін, бұған қарсы шығып жүргендер де баршылық. Мұндайларға данышпан Абай: "Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ" деген, ал біз ештеңе айтпаймыз. Сол да жетеді. Егер ядролық банкингтің пайдасына келетін болсақ, онда ол біз ойлағаннан да мол. Экономикалық жағынан ядролық энергияны тұтынушы мемлекеттер Қазақстанда осындай кешеннің ашылуына өздері ықыласты болғандықтан, қажетті ядролық отынды тек қана бізден сатып алатын болады. Бұл - сенімді және тұрақты валюталық түсім. Ал мұның сыртында келетін пайда онан да зор.
Иә, инновациялық бағдарламаның қай нысаны да пайдалы. Солай бола тұрса да, ядролық энергетика саласындағы алпауыт мемлекеттермен әріптестік негізде өмірге келетін инновациялық кешенді жобалар пайдасы бәрінен де зор. Орайы келгенде айта кетейін, бізде ядролық, термоядролық физика саласындағы мамандар даярлау мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Десек те осы сала игілігін пайдаланушы мамандықтар (эксплуатационники) даярланбайды. Егер жоғарыда аталған әріптес мемлекеттермен осы сала мамандықтарын даярлайтын арнайы орта және жоғары оқу орындарын бірлесіп өмірге әкелсек, дұрыс болар еді дегенді мен ертеден айтып келемін. Тағы да соны жоғары жақтың назарына сала кеткім келеді.

Әңгімелескен
Таңшолпан БЕКБОЛАТ

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024