ҚазҰУ философия факультетінің алғашқы түлегі кітабының тұсауын кесті

4 november, 2010

4 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде «Кіші Фараби» академиясының ұйымдастыруымен қазақ халқының кемеңгер қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында онымен қызметтес болған мемлекеттік және қоғам қайраткері, танымал мәдениеттанушы ғалым, профессор Сәдуақас Темірбековтің «Өмір өрнектері» атты кітабының тұсауы кесілді.

Жиынға Д. Қонаевпен қызметтес болған қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Мәселен, кезінде Ақмола облыстық компартиясының екінші хатшы қызметшісі болған, ҰОС ардагері Аманжол Қалықов, Орталық компартияның бөлім меңгерушісі болған Батырбек Оразай, Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Ізбасар Балтағұлов сынды ақсақалдар бас қосты. Жақында ғана 60 жылдығын атап өткен факультет үшін Сәдуақас ақсақалдың үлкен еңбек жолында жинақтаған мол тәжірибесінен мағлұмат беретін «Өмір өрнектері» кітабының тұсаукесері үлкен сый болды.

Тұсаукесер рәсімін ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева жүргізді.

- Сәдуақас Темірбекұлы біздің факультеттің алғашқы түлегі. 1949 жылы С. Киров атындағы ҚазМУ-да (қазіргі әл-Фараби ат. ҚазҰУ) тұңғыш рет философия факультеті құрылған еді. Сол жылдары Сәдуақас мырза да біздің факультетке оқуға түсіп, кейіннен туған қарашаңырағында қызмет атқарған болатын. Бүгін ағамыздың кітабын ұсынып отырмыз. «Өмір өрнектері» - алдыңғы буын ағалардың кейінгі буын інілеріне қалдырар асыл мұратының бірі. Кітап парақтарын шолып көрсеңіз бұл кітапта ғалымның бүкіл ғұмыр бойы жинақтаған тәжірибесі, түйген ой-толғамдары баяндалған. Кіші Фараби академиясының басты ізденісі мен ұраны-жастарды тәрбиелікке, білімге, патриоттыққа баулу. Жастар Сәдуақас ақсақалдың ғылымдағы, өмірдегі жолынан көп тағылым алары сөзсіз, - деді алғы сөзінде.

Көп күттірмей сөз кезегі «Өмір өрнектері» кітабының авторы Сәдуақас Темірбековке де берілді.

- Осы отырған ақсақалдар буыны бірге қызмет етіп, өмір жолында серіктес те жолдас та болып үлгердік. Талай қиын-қыстауларды бастан өткіздік. Мұны айтып тұрған себебім, «Өмір өрнектері» еңбегіме арқау болған міне осы азаматтар. Талай жылдар бойы жиналған мақалаларымды кітап етіп шығаруды халық жазушысы Мамытбек Қалдыбай ұсынған еді. Осы кітаптың жарық көруіне бұл азаматтың қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан оған алғысым шексіз. Кітаптың өзіне тоқталсақ, негізі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде қазақ халқының көсемі Дінмұхамед Қонаевтың адами портретін сомдадым. Еңбек жолындағы адами құндылықтарын көрсетуге тырыстым. Ал екінші бөлімді қазақ халқының өзекті мәселелеріне арнадым. Соның ішінде қазақ халқының менталитеті, мәдени қоғам қалыптастыру, қазақ халқының кемшіліктері, қазақ халқының арасында технологиялық менталитетті енгізу мәселелері және т.б. Кітап барша оқырман қауымына арналып жазылған, сондықтан бір пайдасы тиер деген үміттемін.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024