Жастар Елбасы бастамасын қолдайды

3 february, 2009

10 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттері Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ сессиясын ашарда сөйлеген сөзін талқылауға арналған «Қоғамдағы тұрақтылық – Қазақстанның кемел дамуының кепілі» атты «дөңгелек үстел» өткізді.

Жиын барысында еліміздің бас оқу орнының ғалымдары мен студенттер қауымы Елбасы сөзін болашақтың айқын бағдары ретінде қабылдағандықтарын жеткізді. Сыртқы саясаттағы ұстанымдарымыз, ішкі тұрақтылық, экономикалық қауіпсіздік, әлеуметтік мәселелер, қоғамды одан әрі демократияландыру үрдістері қамтылған мемлекет басшысының сөзіне университеттегі әр саланың ғалымдары өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел жұмысын кіріспе сөзбен ашқан университеттің тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ш.А. Әмірбеков Елбасы сөздеріндегі басты назар аударатын мәселе – қоғамдағы саяси тұрақтылық екендігін айтты. Себебі барлық саладағы дамуымыз Отанымыздың тыныштығы мен бірлігінде екендігін атап көрсетті. Ал «Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ сессиясын ашарда сөйлеген сөзінің маңызы мен мәні» деген тақырыпта баяндама жасаған философия ғылымдарының докторы, профессор Л.А. Байделдинов: «Президент Н.Ә. Назарбаевтың осы жолғы сөйлеген сөзін дөңгелек үстел басында талқылауымыз университеттегі оқу-тәрбие үрдісі үшін ерекше құнды болып табылады. Елбасы болашақтағы даму бағдарларымызды, алдағы тұрған міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы халқымызды әлемдегі саяси, экономикалық өзгерістерден, толқулардан сақтап қалудың жолдарын көрсетіп отыр. Әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылған. Мен ұстаздар мен студенттер қауымын мемлекеттік саясатты қызу қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға шақырамын» десе, профессор М.Ф. Пузиков: «Менің назарымды аударған басты мәселе – қаржылық реформа, бұдан былай үш жылдық бюджет бекітілетін болады. Жалпы, Президент сөзі түгелдей қоғамды демократизациялау мен экономикалық тұрғыдан дамытуға бағытталған. Мұның бәрі мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығынан туындаған қоғамдағы тұрақтылыққа бастайды» деді.

Дөңгелек үстел басына жиналған заңгер, экономист, саясаттанушы ғалымдар халықаралық дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы, еліміздің экономикалық жай-күйін тұрақтандыру бойынша шаралар, ҚР Парламентінің заңшығарушылық қызметін дамыту перспективалары, мемлекеттік әлеуметтік саясат тақырыптарында сөз сөйледі.

Жиын соңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Мемлекет басшысының еліміздің әрі қарай өркендеуі үшін ұстанған бағытына қолдау білдіре отырып, университет жастары атынан Үндеу қабылдады. Университеттегі жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Марат Оралғазин еліміздің студент жастарын Қазақстанның саяси және экономикалық тұрақтылығы, көпұлтты, көпконфессиялы халқымыздың толеранттылығы жолында жасампаздық пен белсенділікті дамытуға, Президентіміз атап көрсеткен ел дамуындағы басым бағыттарды қолдауға, мемлекет болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Other news

22 november, 2024
22 november, 2024
21 november, 2024