Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінің студенттік заң клиникасы мен «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы арасындағы азаматтарға құқықтық кеңес беру саласындағы ынтымақтастықFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінің студенттік заң клиникасы мен «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы арасындағы азаматтарға құқықтық кеңес беру саласындағы ынтымақтастық

24 қаңтар, 2025

2025 жылдың 23 қаңтарында ТДМ-16 аясында құқықтық институттарды нығайту және азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету мақсатында  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінің студенттік заң клиникасының өкілдері мен «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының басшылығы арасында маңызды кездесу өтті. Бұл кездесудің мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларға құқықтық қызметтерді сапалы әрі қолжетімді түрде көрсету. Кездесу барысында Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров партияның қызметі мен оның қоғамдық-саяси өмірдегі маңыздылығын таныстырып өтті. Ол партияға жыл сайын 5000-нан астам өтініш түсетіндігін атап, бұл халықтың құқықтық көмекке деген қажеттілігінің жоғары екенін көрсетті. Сонымен қатар, С. Канкуров азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізу қажеттілігіне назар аударды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының докторы, профессор Д. Байдельдинов өз кезегінде «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының басшылығына осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол студенттік заң клиникасының азаматтарға құқықтық кеңес беру саласындағы одан әрі ынтымақтастыққа дайындығын, сондай-ақ өзекті құқықтық мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігін атап өтті.

Кездесу нәтижесінде студенттік заң клиникасы мен «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы қала тұрғындарына құқықтық кеңес беруді ұйымдастырды. Бұл шара қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың құқықтық көмекке қол жеткізуін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Мұндай ынтымақтастық азаматтардың құқықтық қорғау мен әділ сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін аса маңызды болып табылады.

Құқықтық кеңес беру аясындағы осындай бірлескен іс-шаралар, сонымен қатар, ТДМ-16 мақсаттарына сәйкес, Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың негіздерін қалау мен азаматтарға әділеттілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту жолында маңызды қадам болып табылады.