Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік заң клиникасы еңбек заңнамасы бойынша тегін кеңес бердіFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік заң клиникасы еңбек заңнамасы бойынша тегін кеңес берді

14 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы студенттік заң клиникасы аясында университеттің техникалық персоналына арналған тегін заңгерлік кеңес беру шарасын өткізді. Бұл іс-шара ҚазҰУ-дың әлеуметтік жауапкершілік саясатын жүзеге асыру және тәжірибеге бағытталған құқықтық білім беруді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Қуаналиева, кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары, PhD Г.К. Рашева , оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, PhD Э.С. Куандыкова, сондай-ақ кафедраның аға оқытушысы Д.А. Бакиров қатысты.

Кеңес беру барысында университеттің техникалық қызметкерлеріне еңбек құқықтары мен міндеттері, еңбек шартының талаптары, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі, жалақыны төлеу ережелері, еңбек даулары және оларды шешу жолдары туралы нақты әрі тәжірибеге негізделген ақпарат ұсынылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға кәсіби заңгерлерден нақты жауап алып, өз құқықтары жөнінде пайдалы мағлұматтар алды.

Іс-шара ҚазҰУ студенттерінің теориялық білімдерін тәжірибе арқылы тереңдетуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге бағытталған құқықтық клиника қызметінің жарқын үлгісі ретінде бағаланды.

Бұл бастама университеттің адам құқықтарын қорғау және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болмақ.