ТДМ-4:«Студенттердің жоғары оқу орнының білім беру ортасына кәсіби тұрғыдан бейімделу мәселелері» тақырыбындағы семинар-тренингFarabi University

ТДМ-4:«Студенттердің жоғары оқу орнының білім беру ортасына кәсіби тұрғыдан бейімделу мәселелері» тақырыбындағы семинар-тренинг

10 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың психологиялық қолдау қызметі мен «Инклюзивті орта» ғылыми-тәжірибелік орталығы ТДМ-4: «Сапалы білім беру» аясында 10 қыркүйек күні № 4-шы жатақханада тұратын студенттерге  арналған «Студенттердің жоғары оқу орнының білім беру ортасына кәсіби тұрғыдан бейімделу мәселелері» атты  семинар-тренинг өткізді.

Іс-шараның мақсаты – студенттерге жоғары оқу орнының білім беру және кәсіби ортасына сәтті бейімделуге жәрдемдесу. Негізгі назар студенттердің тиімді білім алуы мен болашақта тұрақты кәсіби даму жолын қалыптастыруына қажетті негізгі дағдыларды дамытуға бағытталды.

Семинар-тренинг аясында қатысушыларға кәсіби бейімделу процесі бойынша құрылымдалған ақпарат ұсынылды. Онда келесі маңызды аспектілер қамтылды:

  • жоғары оқу орнындағы оқу үдерісінің ерекшеліктері мен мектептегі білім беруден айырмашылықтары;

  • кәсіби, коммуникативтік және тұлғалық құзыреттерді дамыту;

  • күйзелісті басқару дағдылары, ішкі мотивацияны арттыру және өзін-өзі тәртіпке келтіру;

  • жаңа ұжымға бейімделу, оқытушылармен және қатарластарымен тиімді қарым-қатынас орнату;

  • кәсіби өсуді жоспарлау және өзін-өзі дамыту стратегиялары.

Сонымен қатар, бағдарламада командалық жұмыс, өзін-өзі таныстыру, сенімді қарым-қатынас орнату және түрлі адамдармен тіл табысу дағдыларын дамытуға бағытталған интерактивті жаттығулар мен практикалық тапсырмалар ерекше орын алды.

Студенттердің белсенді қатысуы, қызығушылық танытып, ашық талқылауларға араласуы өзара түсіністік, қолдау мен сенім атмосферасын қалыптастыруға ықпал етті. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, көкейкесті сұрақтарын қойып, тренинг жүргізушілерден және өз қатарластарынан кері байланыс алды.

Іс-шараның қорытындысы ретінде студенттер кәсіби бейімделу тетіктері туралы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар ЖОО жағдайында сенімді әрекет етуге және болашақ кәсіби жолын саналы түрде жоспарлауға көмектесетін практикалық құралдар мен ұсыныстарға ие болды.