БІЛІМГЕ ШЕКСІЗ ҰМТЫЛЫС – КЕЛЕШЕКТІҢ КӨРІНІСІFarabi University

БІЛІМГЕ ШЕКСІЗ ҰМТЫЛЫС – КЕЛЕШЕКТІҢ КӨРІНІСІ

6 қазан, 2025

2025 жылғы 6 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасы «Ашық білім беру халықаралық бағдарламалары» жобасы аясында Түркия Республикасының Ескишехир қаласындағы Анадолу университетінен келген профессор, доктор Емель Акай және Тіл үйрету орталығының директоры Дилек Өзтүрк ханымдармен кездесу өткізді. Университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен ұйымдастырылған шараға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.  

Анадолу университеті 1958 жылы негізі қаланған Ескишехир экономикалық және коммерциялық ғылымдар академиясынан бастау алады. 1982 жылы Анадолу университеті болып қайта құрылған бұл білім ордасы бүгінде Түркия аумағында ғана емес, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарында заманауи, серпінді және инновациялық университет ретінде мойындалған.

Ғылымы мен мәдениеті, сондай-ақ жастарының белсенділігімен танымал Ескишехир қаласының орталығында орналасқан университет кампусында 12 факультет жұмыс істейді. Оның үшеуі қашықтықтан білім беру жүйесін ұсынады. Сонымен қатар университет құрамында үш колледж (оның ішінде мемлекеттік консерватория да бар), үш кәсіптік мектеп, екі институт (Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жоғары білім және ғылыми-зерттеу институты) және 25 ғылыми орталық қызмет етеді.

Кездесу барысында профессор Емель Акай Анадолу университетінде студенттердің халықаралық деңгейде білім мен тәжірибе алмасуына жақсы мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Университеттің басты мақсаты – әлемдік білім кеңістігінде интеграцияланып, сапалы білім мен ғылыми ізденістер арқылы жас ұрпақтың әлеуетін арттыру екенін жеткізді.

Бұл кездесу шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға және студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Халықаралық білім беру бағдарламалары ғылым мен білім жолында шекара болмайтынын тағы бір дәлелдеді.

А. Қырқымбекова, А. Халел