Философия және саясаттану факультеті

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы

Толығырақ
Мынбаева Айгерим Казыевна

Кафедра меңгерушісі

Мынбаева Айгерим Казыевна

Кафедра байланыстары

Кафедра тарихы

Жалпы және этнопсихология кафедрасының тарихын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарихынан бөлек қарастыру мүмкін емес, өйткені бұл екі құбылыстың Қазақстанның мемлекеттік іс-әрекет субъектісі ретінде қалыптасуында ерекше мәні бар. Республика дамуының аса маңызды өтпелі кезеңінде жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауда жетекші қызмет атқарған Қазақ университетінің тарихы мен кафедра тарихының бастауы біте қайнасып жатыр.

Қазақстандағы психология ғылымының дамуында ерекше орын алатын жоғары оқу орны - ол еліміздің тұңғыш әрі көп уақыт бойы жалғыз университеті болып келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Осы университеттің қабырғасында алғаш рет психологиядан ұлттық кадрларды даярлау ісі қолға алынды. 1947 жылы университет ректоры әрі психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, ҚазССР ҒА академигі, психология ғылымдарының докторы Төлеген Тәжібаевтің үлкен ұйымдастырушылық жұмысының арқасында филология факультетінде психология мен логика бөлімі ашылды.

Бұл бөлім бірнеше жыл қызмет етіп республика үшін жүзден астам психолог мамандарын даярлап шығарды. Ол мамандар орта мектептерде оқу пәні ретінде енген психология мен логикадан сабақ беру үшін әзірленген еді. Сол кездегі Бүкілодақтық коммунистік партия Орталық комитетінің (БКП (б) ОК-нің) 1946 жылғы "Логика мен психологияны орта мектепте оқыту туралы" қаулысына орай Кеңес Одағының барлық мектептерінде психология пән ретінде оқытылуы тиіс болды. Алайда мектептегі оқыту бағдарламаларынан бұл пәндер алынып тасталғаннан кейін психолог мамандардың бір бөлігі еліміздің жоғары және орта арнаулы оқу орындарында психология және педагогика кафедраларында оқытушылық қызмет атқара бастады.

Сөйтіп, республикада ұлттық психологтардың шоғыры пайда болды. Қазақстандағы психологиялық және педагогикалық ғылымдардың жандануына ХХ ғ. 40-жылдардың аяғында жүргізілген ғылыми-ұйымдастыру шаралары игі әсерін тигізді. Мәселен, 1948 жылы КСРО жоғары білім министрлігі жанындағы Бүкілодақтық аттестациялау комиссиясы республикада педагогика және психология ғылымдары бойынша диссертация қабылдауға рұқсат берді. Соған сәйкес 1949 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде психология ғылымы бойынша аспирантура ашылып, ғылыми мамандар дайындауға нақты мүмкіндік туған еді. Қазақстанда тұңғыш рет психология саласындағы кандидаттық диссертация 1952 жылы ҚазМУ-дің ғылыми кеңесінде қорғалды. Онда Елеш Суфиевтің “Қазақ мектептерінің бастауыш сынып оқушыларында орыс тілінде сөйлеуді қалыптастыру психологиясы туралы" атты ғылыми диссертациясы қаралды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі психология кафедрасы тарихына зер сала қарасақ, ол педагогика кафедрасымен ажырамас байланыста болды. Тарихи дерек бойынша, университетте 1940 жылы ашылған педагогика кафедрасы (тұңғыш меңгерушісі - Ш.Қоқымбаев) 1948 жылдан бастап "педагогика және психология" деп аталына бастайды. 1948-1954 жылдары бұл кафедраның меңгерушісі болып Төлеген Тәжібаев (1910-1964) қызмет істеді. Ол 1949 жылы профессор атағын алды, ал 1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. 1956-1961 жылдары кафедраны белгілі педагог-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, КСРО Педагогика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдіхамит Ібінейұлы Сембаев (1905-1989) басқарды. 1961-1964 жылы аралығында педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып қайтадан біраз жыл жауапты қоғамдық-мемлекеттік қызметте болған Т. Тәжібаев тағайындалады. 1967-1976 жылдары ҚазМУ-дің педагогика және психология кафедрасын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қартбай Бержанов (1924-1976) басқарды. Ал, 1976 жылдан 1980 жылға дейін бірлескен кафедраны белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Хасен Қуандықұлы Арғынов (1926-1990) басқарды.

1980 жылы педагогика және психология кафедрасы жалпы университеттік сипаттағы жеке кафедраларға айналады. Алғашқы дербес психология кафедрасының меңгерушісі болып Қ.Б. Жарықбаев бекітіледі. Сегіз жыл (1980-1988) жеке кафедра ретінде өмір сүрген психология кафедрасы түрлі себептерге байланысты ҚазМУ-дің №3-2843 Бұйрығына сәйкес 1988 жылдың 28 маусым айынан бастап жойылып, орнына жалпыуниверситеттік "педагогика және психология" кафедрасы құрылады. Оның жаңа меңгерушісі болып педагогика ғылымдарының докторы, профессор Х.К. Арғынов тағайындалады. Біріккен кафедрада 25 штатық бірлік болған. Психологтарымыз осы кафедрада жұмыс істеді. Оқу жылының екінші жартысында психологтарды даярлаудың сапасын арттыру мақсатында университет ректорының жаңа бұйрығымен "социология және психология" кафедрасы қызмет істейді. Оның меңгерушісі болып экономика ғылымдарының докторы, профессор А.А. Рогачев бекітіледі.

Көп жылдар бойы психология бөлімі педагогика кафедрасының құрамында болған. Тек 1980 жылдың қыркүйегінде ғана қазіргі педагогикалық ғылымдардың докторы К.Б. Жарықбаевтың басшылығымен жеке жалпыуниверситеттік кафедра қалыптастырылған болатын.

1985 жылы Б.М. Хамзин университет тарихында алғаш рет «Оқушылардың конструктивті-техникалық іс-әрекетінің қалыптасуындағы операционалды және тұлғалық компоненттердің өзара әсерің атты докторлық диссертация қорғады.

1988 жылдан бастап, ҚазМУде психолог-мамандарды даярлау бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Философия-экономика факультетінде психология бөлімі ашылып, оған алғаш рет студенттер қабылданды. Алғашқы түлектер 1993 жылы (5 жылдық оқыту бағдарламасы бойынша) шығарылды. 1991 жылдан бері, психология бөлімінде қазақ тілінде оқыту іске аса бастады. Психология ғылымдарының докторы Б.М. Хамзиннің басшылығымен кафедрада 12 қызметкер жұмыс істеген; олардың арасында 2 ғылым докторы, 3 доцент, 3 аға оқытушы және 3 ассистент еңбек еткен. Сонымен қатар, кафедраға Мәскеу Мемлекеттік Университеті мен Ленинград Мемлекеттік Университетінің жас психолог-мамандары келген. Олардың арасында қазіргі кезде танымал А.С. Нурадинов, Е.Г. Хоменчук, Ш.Б. Алиева, Р.Ж. Жанабекова, М.М. Мұқанов, Ш.С. Байтикова, және басқалары болды. Қосымша қызметте Н.А. Логинова (ЛМУ түлегі) және В.К. Шабельников (ММУді бітірген) еңбек еткен.

1996 жылдан бастап, ҚазМУ мамандарды екісатылы даярлау жүйесіне көшті. Психологтарды баклавриат және магистратурада дайындау басталды.

Әл-Фараби ат. Қазақ Мемлекеттік Университетінің Ғылыми Кеңесінің 22.02.2000 жылғы шешімі бойынша психология кафедрасы жеке кафедраларға бөлінген: олар жалпы психология, кафедра меңгерушісі – психология ғылымдарының докторы, профессор Н.А. Логинова мен этникалық және педагогикалық психология, кафедра меңгерушісі – психология ғылымдарының докторы, профессор С.М. Жақыпов кафедралары болып атанды. әр жылдары жалпы психология кафедрасын басқарғандар:

1988 - кафедра меңгерушісі, психол. ғылымының канд., доцент М.М.Муканов.

1989 - кафедра меңгерушісі, пед.ғылым. д., проф. Х.К.Аргынов.

1990 - кафедра меңгерушісі, ФЭФ, социология және психология, экон. ғылым. д., проф.А.А.Рогачев.

1991 - кафедра меңгерушісі, ФЭФ, психология, психол. ғылымының канд., доцент Д.Д.Дуйсенбеков.

1992 - кафедра меңгерушісі, .псих. ғылым.д., проф.Б.М.Хамзин.

1992-1995 - кафедра меңгерушісі, ФжС, психология, психол. ғылымының канд., доцент Д.Д.Дуйсенбеков.

1995-1996 - кафедра меңгерушісі, психол. ғылымының канд., доцент А.К.Байшукурова.

1996-1997 - кафедра меңгерушісі міндетін атқарушы, канд.психол.наук,доцент А.М.Ким.

1997-2004 - жалпы психология кафедрасының меңгерушісі, психол.ғылым.д. профессор Н.А.Логинова.

2004-2005 - кафедра меңгерушісі, психол. ғылымының канд., доцент Ф.С. Ташимова

2005-2006 - кафедра меңгерушісі, психол. ғылымының канд., доцент М.П. Кабакова

2006-2007 - кафедра меңгерушісі, психол. ғылымының канд., доцент А.К.Байшукурова.

2007-2008 - қазіргі кезде кафедра меңгерушісі, - социол.ғылым. д. профессор З.Ж.Жаназарова

1988 жылы Қазақстандағы психология ғылымы тарихындағы маңызды оқиға орын алды. Тұңғыш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де базалық психолог мамандарды даярлау басталды. Қайта түлеген психология бөлімі университеттің философия және экономика факультеті құрамында (ФЭФ) ашылды. Психология бөліміне - 31 адам қабылданды. Психология бөлімінің алғашқы түлектері 1993 жылы университетті бітіріп шықты. Сол түлектердің бірі М.Н. Сейітханова (Құнанбаева) бүгінде университеттің этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасында қызмет етуде. Ал, психологиядан қазақ бөлімі түрлі себептерге байланысты кешірек ашылуына орай (1991 жылы) қазақ тілді психолог мамандардың алғашқы тобы тек 1996 жылы өмірге жолдама алды. Қазақ тобындағы алғашқы түлектер Ж. Сейітнұр, Э.К. Қалымбетова этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасында доцент қызметін атқаруда. Екеуі де психология ғылымдарының кандидаттары. Бүгінде философия және саясаттану факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде Э.К. Қалымбетова үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ол университет түлектерінің арасында 2005 жылы тұңғыш рет «Кәсіпке беімделу және кәсіби маңызды құндылықтарды қалыптастыру» атты кандидадттық диссертация қорғады.

1996 жылдан бері ҚазҰУ психологтарды даярлаудың көпсатылы жүйесіне көшуді бастады. Бакалавриат пен магистратура және бес жылдық жүйе қатар қызмет етті. 1998 жылы алғашқы психолог магистрлері университетті бітіріп шықты. Бұл мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпы білім стандарттары мен типтік оқу жоспарлары жасалынды.

2000 жылы психология кафедрасы: этнопсихология және педагогикалық психология және жалпы психология болып екіге бөлінеді.

Кафедраның ашылу кезінде оның құрамында 12 оқытушы жұмыс істеген еді. Кафедраның жалпы ғылыми дәрежесінің деңгейі 40% құрады. Сандық құрамы 1 психология ғылымдарының докторы, 1 педагогика ғылымдарының докторы, 2 психология ғылымдарының кандидаты, 2 педагогика ғылымдарының кандидаты және 1 биология ғылымдарының кандидатынан тұрды.

Қазіргі таңда кафедрада 19 адам, соның ішінде 4 психология ғылымдарының докторы, 10 психология ғылымдарының кандидаттары жұмыс істеуде. Жалпы ғылыми дәрежесінің деңгейі 74% құрайды. Кафедра таза психология мамандығы бойынша түлектер шығарады. Жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлау үшін магистратура, аспирантура, докторантура, машықтану (стажировка) және PhD докторантура бар.

Жоғары сапалы дәрежедегі оқытушылардың құрамын ұйымдастыруға барлық мүмкіндіктерді пайдаланған психология ғылымдарының докторы, профессор Сатыбалды Мұқатайұлы Жақыпов кафедраның ашылуынан бүгінгі күнге дейін меңгерушісі қызметін атқаруда. Егеменді Қазақстанның психология саласындағы тұңғыш психология ғылымдарының докторы С.М. Жақыпов болды. 1999 жылы Мәскеу психологиялық институты, Ресей білім академиясында «Оқыту процесінің психологиялық құрылымы» тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясының нәтижесінде оған бір мезгілде екі мамандықтың: 19.00.01 – жалпы психология, жеке адам психологиясы, психология тарихы, этнопсихоолгия және 19.00.07 – педагогикалық психология шифрындағы доктор дәрежесі берілді. Ол 300-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 3 монография, 18 оқу құралы және 30 оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Қазіргі уақытқа дейін 40-тан астам психология мамандығының кандидаттарын, 2 PһD және 5 психология мамандығының докторларын дайындады.

Профессор С.М. Жақыпов Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің құрметті еңбеккері, 2007 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие, Қазақ психологтары қауымдастығының президенті. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – психологияның қолданбалы аспектісін дамыту болып табылады. Оның редакциялық алқасында Қазақстанда алғашқы және әзірге жалғыз ғылыми-практикалық психологиялық журнал «НАПК Хабаршысы» басылып шығуда. Сонымен қатар, ҚазҰУ Хабаршысы психология және социология сериясының ғылыми редакторы. Профессор С.М. Жақыпов Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясының шынайы мүшесі. 2008-2010 жылдарға ғылыми жетістіктер бойынша тағайындалған стипендияның иегері.

2002 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнопсихология және педагогикалық психология кафедрасының күшімен алғаш рет Қазақстан тарихында Д14А 02.32 психология бойынша докторлық диссертация қорғауға мамандандырылған диссертациялық кеңес құрылады.

Бұл докторлық кеңестің бірінші төрағасы профессор С.М. Жақыпов болды. 4-5 жыл аралығында диссертациялық кеңесте 19.00.01 – жалпы психология, жеке адам психологиясы, психология тарихы және этнопсихология, 19.00.07 – педагогикалық психология мамандығы бойынша 3 докторлық диссертация: (ҚазҰУ оқытушылары А.М. Ким, Қ.Б. Жарықбаев, С.Қ. Бердібаева) және 40-қа жуық еліміздің әр түпкір-түпкірінен келген ізденушілердің кандидаттық диссертациялары қорғалды. Республикадағы психология бойынша жалғыз докторлық кеңес төрағасының ұсынысы бойынша психологиялық ғылымдар тізбесіне ғылым тарихында тұңғыш рет 19.00.01 шифры берілетін жаңа мамандық – этнопсихология енгізілді. Бұл жайт тіпті эксперименттік психологияның негізін қалаған В. Вундтың өзі күмәнмен қараған эксперименттік этнопсихологияның Қазақстан территориясында туындауына игі әсер еткен маңызды факторлардың бірі болып табылады.

2014 жылы кафедраның атауы жалпы және қолдаңбалы психология деп ауыстырылды. 2016 жылдан бастап кафедраны КПЛҚ, ҚПҚҚ, ҚР ЖҒҰА корреспондент-мүшесі,  арт-терапия және когнитивті психология маманы, психология ғылымының докторы, профессор Мадалиева Забира Бекешқызы басқарды.

Гранттық және шетелдік жобалар